Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Мақтааралда спорт күніне орай үздіктер марапатталды

Мақтааралда спорт күніне орай үздіктер марапатталды

104

Тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтетін Спорт күніне орай Мырзакент кентінің орталық саябағындағы амфитеатрда аудан спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шараға Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген спортшылар мен бапкерлерді мерекемен құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді.

Бүгінде Мақтаарал ауданында бұқаралық спортты дамытуға, жас ұрпақты спортқа баулуға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аудан аумағында халық игілігіне қызмет етіп тұрған 72 спорттық зал және 88 жазықтық спорттық құрылғы бар. Бұл нысандар аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Аудан бойынша спорттың әртүрлі түрімен 54 485 адам тұрақты түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш бұқаралық спорттың Мақтааралда кең қанат жайып келе жатқанын аңғартады.

Жас спортшыларды даярлау ісіне де ерекше көңіл бөлінуде. Ауданның спорт мектептерінде 86 жаттықтырушы еңбек етіп, 1848 жас спортшыға спорттың түрлі бағыттары бойынша тәлім беріп келеді. Жасөспірімдердің спорттық шеберлігін шыңдауға және олардың республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне барлық жағдай жасалуда.

Бүгінде аудан көлемінде спорттың 21 түрін дамытуға мүмкіндік бар. Әр спорт түрі жас ұрпақтың бойына тәртіп, табандылық, жауапкершілік пен батылдық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Спорттағы әрбір жетістіктің артында спортшымен бірге тынымсыз еңбек ететін білікті жаттықтырушының еңбегі жатыр.

Марапаттау рәсімінде ауданның спорт саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді. Олардың жетістігі — тынымсыз еңбектің, табандылықтың және жеңіске деген жігердің жемісі.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.