Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, өңірдің қоғамдық-саяси өмірі мен әлеуметтік-мәдени дамуындағы маңызды мәселелер талқыланды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері және аумақтық мекеме өкілдері қатысты.
Мәжілісте ең алдымен 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауының қорытындысы туралы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Ерімбетов баяндады.
Ауданда дауыс беру құқығына ие 69 167 азаматтың 64 562-сі сайлауға қатысып, белсенділік көрсеткіші 93,34 пайызды құрады. Олардың қатарында алғаш рет дауыс берген 2 272 жас бар.
Сайлау күні аудан аумағындағы 62 сайлау учаскесі толық режимде жұмыс істеді. Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында саяси партиялардан 135, үкіметтік емес ұйымдардан 180, БАҚ-тан 1 өкіл және ЕҚЫҰ-дан 2 халықаралық байқаушы мониторинг жүргізді. Сайлау барысында заң бұзушылықтар тіркелген жоқ.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың да дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалды. 4 инватакси, 4 әлеуметтік такси және 9 сурдоаудармашы қызмет көрсетіп, нәтижесінде мүгедектігі бар 527 азамат өз таңдауын жасады.
Жиында ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлім басшысы Жандарбек Тәтеев 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары туралы есеп берді.
Мақтааралдық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Жақында ғана Рузимон Тугушев Баку қаласында өткен чемпионатта қазақ күресінен әлем чемпионы атанса, Ташкентте өткен қол күресінен Әлем кубогінде аудан спортшылары 5 алтын және 1 күміс медаль иеленді. Ал Айсұлу Мұхит Индонезияда өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді.
Футболдан ауданның әуесқой командасы Түркістан облысы чемпионатының финалына жолдама алды. Сонымен қатар, мақтааралдық бірқатар футболшылар «Ұлытау», «Ордабасы» және «Каспий» сынды кәсіби клубтарда өнер көрсетіп жүр.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда аудан халқының спорттық нысандармен қамтылу деңгейі 30,4 пайызға жетті. Бұдан бөлек, 5 жаңа спорт кешенін салу және «Алпамыс батыр» орталық стадионын қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, облыстық басқармаға ұсынылды.
Мәдениет саласында аудандағы 12 мәдениет мекемесінде 54 үйірме жұмыс істеп, 922 жасты өнерге баулуда. Мақтааралдық өнерпаздар облыстық «Өнерлі өлке» фестивалінде II орын иеленді. Сонымен бірге Н.Есентаев елді мекенінде жаңа мәдениет үйін салу және Достық ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу жобалары бойынша құжаттар әзірленді.
Тілдерді оқыту және дамыту орталығында қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша ұйымдастырылған тегін курстарды 266 тыңдаушы аяқтады. Ал «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» акциясы аясында кәсіпкерлік нысандардағы көрнекі ақпараттар мемлекеттік тіл талаптарына сәйкестендірілді.
Аппараттық мәжілісті қорытындылаған Б.Асанов барлық сала басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне белгіленген жоспарлар мен тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуын тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындардың сұранысына дер кезінде жауап беріп, басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.













