Skip to content

Мақтааралдық шаруалардың талап-тілегі ескерілді

551

Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына және шаруалардың өтінішіне сәйкес, мақта дақылының жиын-терім науқанын дер кезінде, сапалы өткізу және шаруалардың өтініш-тілектеріне жедел кері байланыс орнату мақсатында 29-қыркүйек күні арнайы мәжіліс ұйымдастырылды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен өткен мәжіліске Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының маманы Әбдібай Мұстафаев, «ҚазАгроЭкс» зертханасының басшысы Батырхан Смайылов, «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ маманы Темирхан Турсынханов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақдәулет Мұзаппар, ауылдық округ әкімдері, белсенді шаруалар және арнайы мақта өңдеу зауыттарының басшылары шақырылды.

Мәжіліс барысында шаруалар тарапынан мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханалар жұмысы, сапаны анықтау тексерулері, таразыларды пайдалану және өнімнің бағасы бойынша бірқатар өзекті сауалдар көтерілді. Жиынға қатысқан зауыт басшылары бұл сын-ескертпелерді назарға алып, тиісті жұмыстар жүргізетінін жеткізді.

Жиыннан соң аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы құрылған мобильді топ мақта қабылдау бекеттеріне аралау жұмыстарын жүргізді. Топ құрамында «ҚазАгроЭкс» зертханасының басшысы Б. Смайылов және ауданның белсенді азаматтары (Е. Әдеханов, М. Датқаев, Б. Сейсенбеков, М. Жүсіпов, А. Шағдаров, Б. Баянов, Е. Сансызбаев, С. Ақназаров, А. Аманбаев) болды.

Зерделеу барысында Ж. Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде орналасқан «Cotton Makta» ЖШС мен «Бірлік-Е» ЖШС-ның мақта қабылдау бекеттерінің жұмысы нақты тексеріліп, зертханалық сараптама мен таразылау үдерістерін жетілдіру бойынша шаралар белгіленді.

Көтерілген мәселелерді түбегейлі шешу үшін 30 қыркүйек күні Жетісай ауданы әкімдігінің аппаратында облыста құрылған мобильді топ басшысы Н.Тұрашбековтың төрағалығымен көшпелі жиын өтті. Бұл жиынға мақта шаруашылығымен айналысатын 5 аудан әкімінің орынбасарлары (Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сауран, Ордабасы аудандары), құқық қорғау органдарының өкілдері және зауыт басшылары қатысты.

Оң нәтижелі келіссөздер мен атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша шаруалардың талабы ескеріліп, 1 келі ақ алтынның бағасы 230 теңге (нарық конъюнктурасына байланысты бұл баға әлі де өсуі мүмкін) болып бекітілді. Сонымен қатар, таразы мен зертхана жұмыстарына қатысты кез келген заңбұзушылық немесе келіспеушілік туындаған жағдайда шаруалардың тиісті құзырлы мекемелерге шағымдануына және мәселені жедел қарауға толық жағдай жасалды.

Қазіргі таңда ең бірінші кезекте ауа райының қолайсыздығы туындамай тұрып, өсірілген өнімді жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз әрі сапалы түрде жинап алу — басты міндет. Сондықтан, барша мақта өсіруші шаруаларды мақта терім науқанына жауапкершілікпен қарап, жұмысты қарқынды жүргізуге шақырамыз.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑