Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда мақта мен өсімдік майын өндіретін заманауи зауыт іске қосылады

Мақтааралда мақта мен өсімдік майын өндіретін заманауи зауыт іске қосылады

59

Мақтаарал ауданының индустриялық даму қарқыны артып келеді. Жаңадан құрылған арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылып жатқан маңызды өндірістік жобалардың бірі – «Мақтаарал XingFeng» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта майы мен өсімдік майын өндіретін зауытының құрылысы.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 5,8 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға айтарлықтай үлес қосады.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының I-этапының 70 пайызы аяқталған. Өндірістік ғимараттардың құрылысы қарқынды жүргізіліп, заманауи өндірістік құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, арнайы экономикалық аймақты инженерлік және инфрақұрылымдық желілермен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылуда.

Мақтаарал ауданының географиялық орналасуы бұл жобаның тиімділігін арттыра түседі. Аудан — Қазақстанның оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы дамыған өңірлердің бірі болып саналады. Әсіресе, мақта шаруашылығы аудан экономикасының негізгі бағыттарының қатарында. Өндіріс орнының шикізат көздеріне жақын орналасуы логистикалық шығындарды азайтып, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданының шекаралық және стратегиялық маңыздылығы мен ауданға тартылып жатқан теміржол желісі экспорттау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, халықаралық сауда байланыстарының дамуына ықпал етеді.

«Жаңа зауыттың іске қосылуы аудан экономикасына бірнеше бағыт бойынша оң әсерін тигізетін болады. Біріншіден, жергілікті мақта өндірушілер үшін өнімді өткізудің жаңа нарығы қалыптасады. Екіншіден, мақтаны бастапқы өңдеумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіруге жол ашылады. Үшіншіден, ауданның өндірістік әлеуеті артып, салық түсімдерінің көлемі ұлғаяды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеді. Сондай-ақ, кәсіпорынның қызметі көлік, логистика, қызмет көрсету және сауда салаларының дамуына серпін беріп, шағын және орта бизнес субъектілері үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады» — деді, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл.

Бүгінде Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Мақтаарал ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, өңірдің индустриялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды бастама болып табылады.

Айта кетейік, «Мақтаарал XingFeng» ЖШС жүзеге асырып жатқан зауыт құрылысы ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының тұрақты дамуына серпін береді деп күтілуде.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.