Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті

Мақтааралда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті

224

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Мақтаарал ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Ауданның ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов аудан әкімі Бақыт Асановтың құттықтауын жеткізіп, ақпарат саласы қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталды. Ол журналистиканың ел мен халық арасындағы алтын көпір екенін атап өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және өзге де маңызды салалардағы жетістіктерді халыққа кеңінен насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының еңбегі зор екенін атап өтті.

«Мақтаарал ауданында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер, мәдени және рухани іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалған емес. Ауданның тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап, тұрғындардың көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етіп жүрген барша журналистер қауымына ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, кәсібиліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамның дамуына қызмет етіп келеді. Қандай жағдайда болмасын шындықты ту етіп, ел мүддесіне адал қызмет етулеріңіз – үлкен құрметке лайық» – деді, аудан әкімінің орынбасары.

Салтанатты шара барысында ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, ақпарат саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар журналистер аудан әкімі Бақыт Асановтың Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттар – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби шеберлігі мен адал еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

Кездесу еркін әрі жылы атмосферада өтіп, журналистерге кәсіби қызметтеріне табыс, шығармашылық шабыт, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толағай жетістіктер тілегі айтылды.

Мерекелік шараның көркін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарлама аша түсті. Әсем әндер мен әсерлі музыкалық қойылымдар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, журналистер мерекесінің сәнін арттырды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.