Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда балаларға қуаныш сыйланды

Мақтааралда балаларға қуаныш сыйланды

195

Мақтаарал ауданында шілде айының соңғы күндері ауа температурасы +40 градустан төмендемей, тұрғындар үшін қолайсыз ауа райы қалыптасты. Осыған байланысты аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен тұрғындардың денсаулығын сақтау, қолайлы орта қалыптастыру және аптап ыстықтың кері әсерін азайту мақсатында аудан орталығы Мырзакент кентінде бірқатар салқындату іс-шаралары ұйымдастырылды.

Іс-шара аясында халық пен көлік қозғалысы ең қарқынды саналатын С.Қожанов көшесінде «Мырзакент қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су тасушы арнайы техникалары көшелерге су шашып, жол жабындысы мен айналадағы ауаны салқындату жұмыстарын жүргізді. Бұл шара көшедегі температураны төмендетуге, шаң-тозаңды азайтуға және тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталды.

Сонымен қатар, Мырзакент кентінің орталық алаңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өрт сөндіру техникаларының көмегімен балаларға арналған ерекше сергіту іс-шарасы ұйымдастырылды. Өрт сөндіру автокөліктері арқылы шашылған су балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы демалыстың қызықты сәтіне айналды. Алаңға жиналған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі бастамалардың ыстық күндері тұрғындардың көңіл күйіне оң әсер ететінін атап өтті.

Әлеуметтік жауапкершілік танытқан «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты да игі шараға қолдау көрсетіп, орталық алаңға келген балалар мен тұрғындарға тегін балмұздақтар мен салқын сусындар таратты. Бұл бастама аптап ыстықта тұрғындарға сергіп, жайлы уақыт өткізуге мүмкіндік берді.

Айта кетейік, аудан әкімдігі алдағы уақытта да ауа райының қолайсыз кезеңдерінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге бағытталған осындай әлеуметтік және профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастыратын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.