Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған 4 мыңнан астам адам қатысты. Бұл – аудан көлемінде биылғы жылы өткен тазалық шаралары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен ұйымдастырылған сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары, ауылдық округ әкімдіктерінің ұжымдары және аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты. Барлығы бір мақсатқа жұмылып, ауданның тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары барысында республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының ауданға кіреберіс бөлігінен Атакент кентіне дейінгі, сондай-ақ Атакент кентінен Жетісай ауданының шекарасына дейінгі жол бойы толықтай қоқыстан және арам шөптерден тазартылды. Жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын жол жиегі ретке келтіріліп, санитарлық талаптарға сай тазаланды.
Ауқымды сенбілікке жалпы саны 16 арнайы техника жұмылдырылып, олардың көмегімен 30 тоннадан астам тұрмыстық және кездейсоқ тасталған қоқыс арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар, жол жиектерін арам шөптерден тазарту, қураған бұталарды жинау және абаттандыру жұмыстары қатар жүргізілді.
Сенбілік жұмыстарының барысын аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы аралап, тазалық шараларының орындалуын тікелей қадағалады. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыру – әрбір тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтіп, ауданның тазалығы мен көркеюіне үлес қосқан барлық қатысушыларға алғысын білдірді.
«Таза әрі көрікті аудан – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осындай игі бастамалар қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан тазалық жұмыстарын бір реттік акция ретінде емес, күнделікті өмір салтына айналдыруымыз қажет» – деді, аудан басшысы.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары Мақтаарал ауданында алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Аудан әкімдігі барлық тұрғындарды қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға және қоғамдық тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырады.






























