Skip to content
Басты бет / Азаматтық қорғаныс / Мақтаарал ауданы 6 айдың қорытындысымен облыста 5 орынға тұрақтады

Мақтаарал ауданы 6 айдың қорытындысымен облыста 5 орынға тұрақтады

122

Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, жиында ауданның санитариялық-эпидемиологиялық ахуалы, қоғамдық-саяси тұрақтылығы, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 3 жағдай тіркеліп, оның 1-еуі зертханалық жолмен расталғаны анықталған. Науқасқа қатысты барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар толық көлемде жүргізіліп, байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынған. Бұл туралы аппарат мәжілісінде баяндамаға шыққан ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Әшірепиев мәлімдеді.

Жалпы жыл басынан бері 40 тұрғын кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 жағдайға аз болғанымен, аудан аумағындағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты бақылауда екені атап өтілді.

Бас санитардың мәліметінше, ауданның 68 елді мекенінің 30-ы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша қолайсыз аумақ саналады. Жүргізілген мониторинг барысында 68 елді мекеннен 1850 кене жиналып, зертханалық зерттеулерде қауіпті вирус анықталмаған.

«Аудандық ветеринариялық қызмет» мекемесі тарапынан көктемгі кезеңде 45 мыңнан астам ірі қара, 57 мыңнан астам ұсақ мал кенеге қарсы өңделіп, 886 мың шаршы метрден астам қора-жай және 870 мың шаршы метрден астам мал суаттары мен иірімдері залалсыздандырылғанын мекеменің орынбасары Н.Қуандықов баяндады. Сонымен бірге, ауданда бір ғана мал тоғыту орнының жұмыс істеуі кенеге қарсы күрес жұмыстарын толық жүргізуге мүмкіндік бермейтіні айтылып, әрбір ауылдық округте кемінде бір мал тоғыту орнын ұйымдастыру қажеттігі көтерілді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұлов қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Баяндамашы ауданда қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда төтенше жағдайлар туындағанда мемлекеттік органдардың жедел әрекет ету алгоритмі бекітілгенін айтты. Дегенмен, кейбір мемлекеттік органдарда аталған талаптардың толық орындалмай отырғаны сынға алынды.

Мәжілісте қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін оқиғалар туралы ақпараттың аудан әкімдігіне уақытылы жеткізілуі, полиция, медицина мекемелері және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара ақпарат алмасуды күшейту қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, этносаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатқаны, этнос өкілдері көп шоғырланған елді мекендер бойынша әлеуметтік карталар әзірленіп, бейресми көшбасшылармен тұрақты кездесулер өткізіліп отырғаны хабарланды.

Мәжілісте 2026 жылдың І жартыжылдығы қорытындысымен ауданның қызмет тиімділігіне жүргізілген рейтингтік бағалау нәтижелерін ауданның экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі Н.Тұрашев жариялады.

Жыл басында аудан әкімдігі мен бөлімдердің жұмысына қатысты 103 индикатор бекітілсе, оның 86-сы орындалып, 17 индикатор бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Қорытындысында Мақтаарал ауданы 14,2 ұпай жинап, облыс бойынша 17 қала, ауданның ішінде 5-орынға тұрақтаған.

Жиында орындалмаған көрсеткіштер бойынша нақты себептер талданып, жауапты бөлімдерге жоспарлы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде аудан әкімі қатаң тапсырмалар берді.

Аппараттық мәжілісте еңбек заңнамасының сақталуы мен қызметкерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелері де кеңінен талқыланды. Баяндамаға шыққан ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Н.Елшібаев шілде айының басында еңбек шарттарын тіркемеген 130 мекеме анықталса, жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде олардың саны 28 мекемеге дейін қысқарғанын атап өтті. Осылайша 102 мекеме заң талаптарын орындаған. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын аудармаған мекемелер саны 405-тен 153-ке дейін төмендеп, әлеуметтік аударымдары жүргізілмеген қызметкерлер саны 1428 адамнан 689 адамға дейін азайғаны айтылды. Бұдан бөлек, өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамаған 108 мекеме бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі көтерілді.

Аппараттық мәжіліс қорытындысында аудан әкімі Б.Асанов жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кенеге қарсы профилактикалық шараларды күшейту, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты бақылауда ұстау, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету және еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.