Мырзашөлді игеру Киров каналын қазудан басталған жоқ. Ол идея Кеңес өкіметі орнамай тұрып дүниеге келген. Оңтүстікте ағын су жеткізсең, жазиралы өлкеге айналып шыға келетін алқаптар көп еді. Бұл отырықшы диқандардың ежелгі арманы болатын. Әсіресе, мақта дақылы бақша өнімдері үшін қолайлы жер Мырзашөл өңірін игеру сияқты бастама сонау патша өкіметінің кезінде-ақ көтерілген-ді. Бір кездері шөл дала болған, ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы күйетін атырапты суландырудың нәтижесінде бұл өлкеде егін егу қолға алынды. Қазақстан мен Өзбекстанның біраз жерін қамтып жатқан Мырзашөлді игеру тарихы осылайша патша өкіметі кезінен бастау алды. Бұл жөніндегі зерттеулер де сол жылдардан басталды десек, қателеспейміз.
Тек мал шаруашылығымен айналысқан аймақтарда, әрине, жаңа қоғам орнатудың өзіндік қиындықтары болғанын білеміз. Мысалы, 1917 жылдың екінші жартысында елде Кеңес өкіметі орнаған соң аса ауқымды жұмыстар қолға алынды. Пролетариат көсемі В.И.Лениннің 1918 жылғы 17 мамырда Мырзашөлді игеру жөніндегі Декретке қол қойғаны көне тарихтан мәлім. Соның нәтижесінде ирригациялық су жүйесін дамыту жөнінде арнаулы қаулы қабылданып, бұл аймақты игеруге 50 миллион сом ақша бөлінді. Алайда, елде азамат соғысы жүріп жатқандықтан диқандар қауымы су жүйесі құрылыстарын ойдағыдай жүргізе алмады. Дей тұрғанмен, 1919 жылы бұрынғы «Мақтаарал» кеңшарына жақын маңнан жергілікті халықтың қол күшімен ұзындығы 1,5 шақырымдай Мырзашөл каналы қазылып, 1920 жылы оның ұзындығы 9 шақырымға жеткізілді. Кейін бұл канал Киров атындағы канал деп аталады.
Ертеде Самарқан–Тәшкен керуен жолы осы шөл дала арқылы өтетін. Бұл сауда жолы бойында Әмір Темір заманында салынған ескі құдықтардың басында керуендер тұрағы болатын. Жаз мезгілінде ауыр жүк тиеген керуендер осындағы құдықтардың басына тоқтап дем алатын. Осынау шетсіз-шексіз далаға бәрі де қызыға қарайтын, бірақ оларға суы жоқ бұл алқапты игеру мүмкін еместей көрінетін. Патшалық Ресей өкіметі мен орыс фабрикаттарының құлағына да шөл даланың кең әрі жақсы жерлері туралы әңгімелер жетеді. Ал, орыс капитализмінің дамуы үшін шикізат ретінде мақтаға мұқтаждық басым болатын. Олар Орта Азияны жаулап, көп мақта егетін орын іздейді. Шөлді алқапты игеру жұмысы алғаш Заравшан өзенінен басталады. Көптеген канал құрылыстары түрлі себептермен сәтсіздіктерге ұшырап отырды.
1924 жылы жағдай біршама өзгеріп, мақта, бидай, көкөніс алқаптары ұлғая бастады. Атап айтқанда, келесі жылы 45 мың гектар алқап игеріліп, суландырылды. Осы кезеңде шөл даланың батысында бұрынғы бірінші мақта өндіруші «Мақтаарал» кеңшары ұйымдастырылды. Кеңшар суару жүйесін кеңейтіп, егіс алқаптарын 14 мың гектарға ұлғайтты. 1925-1930 жылдары екі ірі су каналы салынып, 34 мың гектар жер суландырылғандықтан Мақтаарал ауданының территориясына 14,5 мың гектар мақта егілген.
1939 жылы Мырзашөлді игеру жұмыстары зор қарқын алды. Мақтаарал ауданында Оңтүстік Қазақстан (б) КП облыстық комитеті бюросы мен облыстық Кеңес төралқасының көшпелі мәжілісі өткізіледі. Облыстың барлық еңбекшілеріне Киров атындағы каналдан ұзындығы 19 шақырымға жететін Бірінші Тоғай тармағын тартуға, сөйтіп, жаңадан ашылғалы отырған 10 мың гектардан астам алқапты суландыруға шақыру жолданды. Белгіленген уақытта облыстың 14 ауданының еңбеккерлері қызу іске кіріседі. Мырзашөлдегі канал құрылысына жұмыс істеуге 6 244 адам келген. Бірінші Тоғай каналы құрылысына 200 жылқы, ондаған автокөлік, жеті экскаватор бөлінген.
Халықтың жұмыла жұмыс істеуінің арқасында тапсырма 35 күнде, белгіленген мерзімнен 20 күн бұрын орындалды. Барлығы бір миллион текше метрден астам жер қазылып, канал құрылысы жүргізілген. Жұмысшылардың қайсарлығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Мырзашөл алқаптарына тағы да 9 154 гектар жаңа егістік алқап қосылды. Оған облыс аудандарынан 2 060 шаруашылық келіп орналасты. Сол ұсақ агроқұрылымдардан кейін ірі 10 ұжымшар ұйымдастырылды. Келесі жұмыс кезеңі 1940 жылдың көктемінде бастау алып, Киров атындағы каналдың Екінші және Үшінші Тоғай тармақтарын қазуға облыс аудандарынан 30 мың жұмысшы келді. 1939-1941 жылдар аралығында Тоғай тармақтары салынған соң Мырзашөлдің 30 мың гектардан астам құнарлы жері игеріліп, мақта плантациялары 32,5 мың гектарға жеткен соң, Оңтүстікте мақта өсіретін Мақтаарал, Ильич және Киров аудандары құрылды. Мырзашөлді игеру 1941 жылдың жазында аяқталды.
Киров (қазіргі Достық) каналын қазуға сан ұлттың өкілдері – орыстар, өзбектер, украиндар, немістер гректер, тәжіктер, қарашайлар, ирандар, әзірбайжандар, кәрістер және тағы басқалар қатысып, аянбай еңбек етті. Мәселен, мен танитын қариялар Қазығұрт ауданынан Садықұл, Ділдабай, Жүзей, Нәдірмет, Елшібай деген кісілердің түгел отбасымен келіп, канал құрылысында ерен еңбек еткенін жыр етіп айтып отыратын.
Кешегі Киров каналын қазуға қатысып, тер төккен ардагерлерді бүгінгі ұрпақ біле ме екен? Білсек, оларды ардақтап жүрміз бе? Канал құрылысына қатысқан жандарды тегіс танимыз ба? Кімдер екпінді еңбектің озаты атанды? Бұл сауалдарға толықтай жауап беретін, олардың өмірін зерттеп-зерделейтін адамдар бар ма?
Әрине, екпінді құрылыста ерен еңбегімен танылған азаматтар арамызда аз емес. Солардың қатарында қажымас қайратымен кеңес дәуірінде құрметке бөленген жандардың бірі Орынбай Беркінбаев болатын. О.Беркінбаев 1897 жылы дүниеге келген. Жастайынан қара жұмыс атқарып, өмірдің ащы-тұщысын тартып, қайратты болып өсті. Туған жері қасиетті Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданы еді. Ержеткен соң ауылда әртүрлі жұмыстар атқарды. Аудан негізінен мал шаруашылығымен айналысатын. Көптеген шаруалар қол еңбегімен істелетін шөп орып, оны жинау, мал бағу сияқты жұмыстарды атқаратын. Орынбай да қара жұмыстан қаймықпайтын. Сондықтан әкесі мен анасына қолғабыс жасап, еңбекке ерте араласты. Орынбайдың әйелі Әлихан да шаруағы мығым жан еді. Үйдің бар шаруасын бітіріп, түздегі тірлікке де араласып кететін. Олар жұпыны өмір кешті. Орынбайдың әкесі де кедей шаруа болатын.
1939 жылы облыс еңбекшілеріне Киров атындағы каналды қазуға шақыру жолданады. Сол кезде Бәйдібек ауданынан да көптеген отбасылар канал құрылысына – Мырзашөлге аттанды. Орынбай да зайыбы Әлиханмен бірге үлкен көшке ілесті. Орынбай ол кезде қылшылдаған қырықтың үстіндегі жігіт ағасы еді. Бұлар каналдың Бірінші Тоғай тармағын тартуға бел шеше кіріседі. Зайыбы Әлихан жұмысшылардың ас-тағамын әзірлеумен айналысты. Жұмыс қолы жетіспей жатқан кездерде қолына күрек, кетпен алып, каналға да түсетін. Орынбай жер қазды, ат арбамен топырақ тасыды. Ол кезде техника жетіспейтін. Қолдағы бары жеті экскаватор еді. Олар жиі бұзылып, толық қуатында жұмыс істемейтін. Шынтуайтқа келгенде, жұмыстың 80 пайызы қол күшімен атқарылатын. Елге, Отанға деген сүйіспеншіліктің арқасында, тәулігіне кемінде 10 сағаттай тынымсыз жұмыс істеудің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде орасан зор тірліктер атқарылды. Он мың гектардан артық алқапты суландыруға қол жеткізілді. Канал құрылысын жүргізген аға буын ардагерлер мен ана-әжелеріміз каналдар мен арық-атыздарды да қолмен қазып, 51 гидротехникалық нысанды пайдалануға берген екен. Міне, осынау ересен еңбектің бел ортасында Орынбай Беркінбаев та жүрді. Ол үздік стахановшы атанып, жоспарды 258 пайыз орындаған. Жұмысын абыроймен атқарғаны үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
О.Беркінбаев кейін елге оралған соң да жұмысқа араласады. Еңбекшіл, біртоға, аса көп сөйлемейтін, айтарын тіке айтатын Орынбайды «Сарқырама» ұжымшарына төраға етіп сайлайды. Алайда, ол бұл қызметте ұзақ отыра алмады. Елімізге қауіп төнді, Ұлы Отан соғысы басталды. Майданға 18 бен 40 жас аралығындағы барлық азаматтар аттанып жатты. Орынбай жасы қырықтан асып кетсе де белсенділердің әділетсіздігінен майданға аттанды. Қырғын соғыстың ортасында болып, өзімен бірге әскерге алынған боздақтардың талайының жат жерде қалғанын өз көзімен көрді. Көрер жарығы бар екен, снарядтың жарықшағы қолына тиген ол ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Ұзақ емделіп, елге оралды. ІІ топтағы мүгедек болса да жұмысқа кірісті. Ұжымшарда мал шаруашылығын өркендету жолындағы партияның талаптарын мүлтіксіз орындап, мал фермасының меңгерушісі болды. Одан кейін «Сарқырама» ұжымшарының ұстаханасында ұста болды. Қой қырқатын кезде шарық қайрады. Үш-ақ сыныптық білімі болса да газет-журналдарды үзбей оқып, елімізде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отыратын.
1953 жылы Орынбай ұжымшардың қойлары қотыр болмасын деп креолин қосылып, су толтырылған арнайы тоғанға барады. Түн болған соң шопанға «сен барып ұйықта, ертең ерте тұруың керек» деп оны демалуға жібереді. Өзі суды қыздырып біруақ отырып қалады. Енді орнынан тұрам дегенде соғыстан жарамсыз болып қалған сол қолын тірей алмай, қой тоғытатын тоғанға құлап кетеді. Екі айдай ауруханада жатып емделгенімен, түпкілікті айығып кете алмады. Осы дерттен көп ұзамай 1953 жылы 15 наурыз күні қайтыс болды.
Ерғали САПАРҒАЛИҰЛЫ,
ақын,
Шымкент қаласының тұрғыны.