Бейсенбі, Мамыр 9, 2024
28.8 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыЕгін шаруашылығында ескерілуі тиіс жайттар көп

Егін шаруашылығында ескерілуі тиіс жайттар көп

Сәл күнде кетпен-күрегін сайлап, дала жұмысына түрен салатын диқандар бүгінде қандай дақыл егу керек екенін ойластырып жатқан болса керек. Осы ретте суды көп керек етпейтін дақылдар егуге басымдық берілетінін жергілікті билік қайта-қайта ескертуде. Бұл бекер емес. Өйткені, ауыспалы егіс әдісін тиімді пайдалана білмесек, суды бір мезгілде керек ететін дақылдар ертеңгі күні тіршілік нәрінен таршылық көруі мүмкін.

Қазір бұрынғыдай айлап, апталап жататын қасат қар жоқ. Биыл қар қалың түсті десек те, оның өзі әрі кеткенде бір аптадай ғана жатып, еріп кетіп жатты. Көптен бергі көктемгі жауын-шашынның жағдайы да сол, сәл себелеп өтетіні болмаса, бұрынғыдай селдетіп, нөсерлетіп жаууды сиретті. Сол себепті жыл өткен сайын дала өсімдіктерінің де түрлері азайып, бұрындары белуардан келетін қыр шөбі қазір селдіреп, оның өзі жетілмей жатып қурап кететін болды. Міне, осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін бүгінде суды көп керек етпейтін, есесіне мал азықтық жемшөптің орнын алмастыра алатын өсімдіктер егу қолға алынуда. 

Жалпы, еліміздегі суармалы жерлердің үштен бір бөлігі, яғни 548,2 мың гектары біздің Түркістан облысына тиесілі. Міне, осы алқаптарды ағын сумен толық қамтамасыз ету үшін 4 миллиард 300 миллион текше метр су керек. Ал, ағын судың жағдайының қандай екені трансшекаралық аймақта орналасқан біздің өңірде айтпаса да түсінікті. «Кісідегінің кілті аспанда» дегендей, ала жаздай еңбек етіп, аптап ыстыққа келгенде су жеткізіп бере алмай, қаншама гектар егістік алқабымызды күйдіріп алған кездеріміз де болғанын несіне жасырамыз?! Ендеше, бар суды үнемдеудің жалғыз жолы – суды көп керек етпейтін дақыл егу. Бірақ, елдің бәрі бірдей бір түрлі ғана дақыл ексе, егілмей қалған басқа дақылдарға сұраныстың күрт артатыны тағы бар. Сол үшін жер жағдайына қарай ауыспалы егісті пайдаланудан басқа тиімді жол жоқ.

Біз қате түсініктің жетегінде жүрміз 

Ағын суды үнемдеу жайлы әңгіменің айтылып жүргеніне біраз болды. Неге екенін, осы «үнемдеумен» қосарланып мақта дақылдарын егуді азайту мәселесі де қатар айтылады. Егер біз мақта дақылы суды көп керек етеді деп ойласақ қателесеміз. Шындығында, мақта күріш, бидай, жүгері, соя және мал азықтық дақылдармен салыстырғанда судың пропорционалды жоғары тұтынушысы емес, табиғи ыстыққа және құрғақшылыққа төзімді дақыл болып табылады. Дер кезінде суарылмаса бақша дақылдары да солып қалады. Ал, мақта ыстыққа шыдамды келеді. Ағын суы көрші елдерге кіріптар болып тұрған біздің өңірде мақтадан тиімді дақыл жоқ. Бірақ, біздегі диқандар жалға алу құны қанша қымбат болса да Сырдың бойынан, бұлақ басынан жер алып, қауын-қарбыз егуді жөн көреді. Біріншіден, құмшауыт жерге егілген қауын ерте піседі. Ал, ерте піскен өнімге сұраныс жоғары болады. Қауын еккеннің бәрі ақшаға батып қалады екен десеңіз, тағы қателесесіз. Бағасы көктемнің қысқа күніндей қырық құбылатын қауын-қарбыз егіп, шаш-етектен шығынға батып, қарызданып қалатындар да аз емес. Әуелден мақта шаруашылығына маманданған оңтүстік аудандардың тұрғындары неге өздерінің үйренген дақылдарын егіп жүре бермейді деген заңды сұрақ туады. Оған себеп – мақта шикізаты өзімізде тереңірек өңделмегендіктен, оның да кілті – аспанда. Яғни бағасын Ливерпуль биржасы белгілейді. Егер шитті мақтаны тереңірек өңдесек, оның пайдасы біздің қауын-қарбыздан түсетін табысты жолда қалдырады. Оны мемлекеттің өзі қолға алмаса, жекелеген шаруалардың оған шамасы келмейді. 

Мақтаны бекерге «ақ алтынға» теңемейді. Мата тоқуға жүннен кейінгі екінші орында тұратын шитті мақтаның бір тоннасынан 330-360 келі талшық, 550-580 келі тұқым алынады. Мақтаның ұзын талшықты сорттарынан әртүрлі маталар – бәтес, сәтен, маркизат тоқылады. Орташа есеппен алғанда, 1 тонна шитті мақтадан 3000 метр мата тоқуға болады. Соңғы кездерде химияның көмегімен оттан қорғайтын, су өткізбейтін, қышқылға төзімді материалдар, кирза және басқа да бұйымдар жасау қолға алынды. Сонымен қатар мақта талшығынан автомобиль және авиация өнеркәсібі үшін техникалық маталар тоқылады. Химиялық жолмен өңдеу арқылы жоғарыда аталған бұйымдардан басқа, сынбайтын әйнек, фотопленка, каллойдтар, лактар, қағаз, пироксилин, сірке және лимон қышқылын, қару-жараққа қолданылатын оқ дәрілер, тағы басқа да өнімдер алуға болады. Яғни бір сөзбен айтқанда, мақтадан жеті жүзден астам бұйым жасалады. Осыдан-ақ мұның қаншалықты құнды дақыл екенін бағамдай беріңіз. 

Қадірі жоқ құндылық

Жасыратыны жоқ, мақта шаруашылығына маманданған аудан тұрғындарын көптен бері мазалап жүрген бір сұрақ – оның құны. Мақтаарал ауданына таяқ тастам жердегі Өзбекстан өз өнімдерін шашпай-төкпей жинап алып жатқанда, шекараның бергі бетіндегі егістік алқаптарда аппақ мақта дер кезінде терілмей, рәсуасы шығып, жауын-шашынның астында жатады. Себебі, дайын өнімді жинап өткізудің құны мақтаның өзінен де қымбатқа түсіп кетеді. Көрші ел көздің қарашығындай көретін мақта біздің елде неге сонша құнсыз деген сауалға жауап беруге тиіс мамандар мәселенің мәнін оның сортымен түсіндірген болады. Рас, белгілі бір деңгейде мақта сорты да маңызды рөл атқаратын шығар, бірақ қанша жылдан бері жергілікті диқандардың жырына айналған бұл мәселеге нүкте қоятын кез әлдеқашан жетті. Егер мәселе оның сортында болса, бала кезден қозаның арасында өскен олар сол сұрыпты да өсіретініне талас жоқ. Қазір мақташылардың басым бөлігі «Мақтаарал-4011» сортын егеді. «Мақта және  бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС мамандарының айтуынша, бұл сорттың вегетациялық кезеңі 115-117 күнді құрайды. Шитті мақтаның өнімділігі гектарына 37,9 центнер болса, талшықтың шығымы – 34,3 пайыз. Бұл – жақсы көрсеткіш. «ПА-3044» сұрпымен салыстырғанда солма ауруымен зақымдануы да төмен, яғни 3,0 пайызды құрайды. Стандартты сортындағы 11,7 пайызбен салыстырғанда, ерте пісетін топқа жатады. Ал, Өзбекстанның егетіні – «Сұлтан» сорты. Екеуінің егілуінде, суарылуында, шөлге шыдамдылығында анау айтқандай айырмашылық жоқ. Бұл сорт талшығының ұзындығымен ғана ерекшеленеді. Егер шын мәнінде де осы сортқа сұраныс жоғары болса, «Мақтаарал-4011» сұрпын егіп жүрген диқандар «Сұлтанды» өсіруге де қабілеттері жетеді. Ал, біздегі мақта зауыттары өнімнің тазалығына, ылғалдылығына баса мән береді. Бір сөзбен айтқанда, мақта сұрпына қарай әрқайсысын әрқилы бағалап, оны тереңірек өңдейтін уақыт жетті. Сонда ғана қазіргі қауынның сортына қарай бағалысын егетіні сияқты «ақ алтынның» да сұранысы бар сұрпын егетін болады. Ол үшін мақта бағасын белгілеп беретін Ливерпуль биржасына телміріп отыра бермей, өнімді өзімізде тереңірек өңдеуді қолға алғанымыз абзал. 

Мемлекет теңгеріміне алынса…

Шаруалар үшін тағы бір маңызды мәселе – техниканың жетіспеушілігі. Науқан кезінде ірі шаруа қожалықтары өздерінің өнімдерін жинап алуға күш салады да, техникасы жоқ ұсақ шаруалардың өнімі егістік басында жиналмай қалады. Бұрын КСМ сияқты ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ететін мекеме болатын. Сол әдісті қазір қолға алсақ, одан ұтылмаймыз. Кейбір ауылдарда бұл тәжірибе қолға алынған. Техникасы бар кәсіпкер жұмысшыларға тұрақты айлық беріп, жер жырту, пал алу, барана басу сияқты дала жұмыстарын атқарып отыр. Бірақ, бұл техникалар жекенің құзырында болғандықтан бағаны да өздері белгілейді. Егер осындай мекемені мемлекеттің балансына алып, оны тиісті техникалармен қамтамасыз етсек, бұл ұсақ шаруалар үшін тиімді болар еді. Қазір мүліктік пайы бір гектарға жетпейтін шаруалар егістік алқаптарына техника апару үшін шамадан тыс шығынданып жүр. Өйткені, азғантай жерге бола ешкім техникасын әурелегісі келмейді. Барғанының өзі қызмет ақысын көп сұрайды. Егер тың жерлер ірілі-ұсақтығына қарамай толық игерілсін десек және әр шаруа өз еңбегіне қарай нәпақасын алсын десек, онда оны толық игеру жолдарын қарастырғанымыз жөн. Ол үшін біздің бұл ұсынысымыз да бір кәдеге жарайды деген сенім бар. Қысқасы, егін шаруашылығындағы ескерілуі тиіс көп мәселенің бірі ретінде өз ұсынысымды айтқанды жөн көрдім. 

(с) Сапарбай БАСЫМБЕКОВ, агроном 

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ