Skip to content
Басты бет / Әлеумет / «DIGITAL QAZAQSTAN»: ЦИФРЛЫҚ ДАМУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

«DIGITAL QAZAQSTAN»: ЦИФРЛЫҚ ДАМУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

15

Қазіргі таңда әлемде цифрлық технологиялар қарқынды дамып, қоғамдық өмірдің барлық саласына тың өзгерістер әкелуде. Жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандыру және цифрлық сервистер экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік басқарудың тиімділігін жетілдірудің маңызды тетігіне айналды.

Осыған байланысты еліміздің цифрлық трансформациясын жаңа деңгейге көтеру мақсатында «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» бастаманың маңызы зор.

Аталған стратегия еліміздегі цифрландыру үдерісін жүйелі түрде дамытуға, жасанды интеллект технологияларын экономиканың және әлеуметтік саланың негізгі бағыттарына кеңінен енгізуге, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға әрі азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияларды тиімді пайдалану мемлекет пен азамат арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту, ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру, деректер негізінде басқарушылық шешімдер қабылдау – мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі.

Цифрландырудың басты мақсаты – азаматтардың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдету және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру.

Бұл ретте аудан деңгейінде де цифрлық құралдарды тиімді пайдалану маңызды. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қарау, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта көрсету, ақпараттық жүйелер арқылы мәліметтерді жинақтау және талдау басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Digital Qazaqstan» стратегиясының тағы бір маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу.

Жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттыруға, үлкен көлемдегі ақпаратты қысқа мерзімде талдауға, болжам жасауға және түрлі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл технологиялардың тиімділігі өндіріс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік басқару сияқты көптеген саладан көрінуі мүмкін.Сонымен бірге жасанды интеллектіні енгізу барысында ақпараттық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және технологияларды жауапты пайдалану мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

Жасанды интеллект адам еңбегін толық алмастыратын құрал ретінде емес, адамның мүмкіндігін кеңейтіп, шешім қабылдау сапасын арттыратын заманауи технология ретінде қарастырылуы тиіс.

Жалпы цифрлық даму тек қалалармен шектелмеуі керек. Оның тиімділігі ауылдық елді мекендерде де нақты сезілуі қажет. Әсіресе ауыл шаруашылығы басым өңірлер үшін цифрлық технологияларды агросалаға енгізудің маңызы ерекше.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру су ресурстарын тиімді пайдалануға, егістік алқаптарын бақылауға, өнімділікті арттыруға, ауа райы мен өзге де факторларды талдауға мүмкіндік береді. Заманауи цифрлық шешімдерді пайдалану шаруалардың еңбек өнімділігін арттырып, ресурстарды тиімді басқаруына жол ашады.

Мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі ауыл тұрғындары үшін де маңызды мүмкіндік. Бұл қажетті қызметтерді елді мекеннен шықпай-ақ алуға, уақыт пен шығынды үнемдеуге жағдай жасайды.

Цифрландыру – тек технологиялық жаңғыру емес, ол халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. «Digital Qazaqstan» стратегиясының табысты жүзеге асуы цифрлық мүмкіндіктерді елдің әр өңіріне, соның ішінде ауылдық жерлерге кеңінен енгізуге байланысты.Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыру, заманауи технологияларды тиімді пайдалану және цифрлық инфрақұрылымды дамыту – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да басты міндеттерінің бірі.

Серік Тұрсынқұлов,

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.