Skip to content
Басты бет / СЭС / Ботулизмнен сақ болыңыз!

Ботулизмнен сақ болыңыз!

38

Ботулизм сапрозооноздар тобына жататын, негізінен фекальды-оральды жолмен берілетін, қоздырғыштың токсині жиналған тағам өнімдерін қолдану нәтижесінде дамитын жедел инфекциялық ауру. Ботулотоксин жүйке импульстарының берілуін бұғаттап, орталық жүйке жүйесінің зақымдануына әкеледі.

Үй жағдайында дайындалған консервілер мен ашытылған тағам өнімдері тағамдық ботулизмнің негізгі көздерінің бірі болып табылады. Сондықтан мұндай өнімдерді дайындау кезінде қауіпсіздік талаптары мен санитариялық ережелерді қатаң сақтау қажет.

Ботулизм адамнан адамға берілмейді. Ботулизмнің инкубациялық кезеңі әдетте 2 сағаттан бірнеше күнге дейін созылады.

Clostridium botulinum бактериясы түзетін споралар жоғары температураға төзімді және қоршаған ортада кеңінен таралған. Оттегі жоқ жағдайда бұл споралар өніп, көбейіп, токсин бөле бастайды.

Ботулотоксиннің 7 түрі белгілі: А, В, С, D, Е, F және G типтері. Олардың ішінде А, В, Е және сирек жағдайларда F типтері адамда ботулизм ауруын тудырады. Ал С, D және Е типтері негізінен сүтқоректілерде, құстарда және балықтарда аурудың дамуына себеп болады.

Ботулизмнің жалпы белгілері мен симптомдарына мыналар жатады:

 ауыздың құрғауы;

 көрудің бұзылуы немесе көзге заттардың қосарланып көрінуі (диплопия);

 қабақтың төмен түсуі (птоз);

 сөйлеудің анық болмауы, сөйлеу қабілетінің бұзылуы;

 жұтынудың қиындауы (дисфагия).

Ботулизм кезіндегі негізгі қауіпті тағам көздері:

 Үй жағдайында дайындалған консервілер (саңырауқұлақ, көкөніс, ет өнімдері) – әсіресе консервілеу технологиясы мен санитариялық талаптар сақталмаған жағдайда қауіпті;

 Қақталған және кептірілген балық өнімдері – әсіресе өңдеу және сақтау талаптары бұзылған жағдайда ботулизмнің көзі болуы мүмкін;

 Үй жағдайында дайындалған ет өнімдері (окорок, шұжық, бұқтырылған ет консервілері) – жеткіліксіз термиялық өңдеу кезінде;

 Үйде дайындалған маринадталған көкөністер мен салаттар – дайындау кезінде стерилизация және сақтау ережелері сақталмаған жағдайда қауіп тудырады:

 Герметикалық қаптамада сақталатын және температуралық режимі бұзылған өнімдер – мұндай ортада Clostridium botulinum бактериясының көбеюіне қолайлы жағдай қалыптасады;

 Белгісіз адамдардан сатып алынған үй консервілері (базарлардан, көшеден немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан алынған өнімдер) – олардың дайындалу технологиясы мен қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді;

 Бүліну белгілері бар өнімдер: қақпағы ісінген, герметикалығы бұзылған, түсі, иісі немесе консистенциясы өзгерген консервілер;

 Үй жағдайында дайындалған консервілерге ерекше назар аудару қажет, себебі дайындау және сақтау талаптары бұзылған жағдайда олар тағамдық ботулизмнің негізгі себептерінің бірі болуы мүмкін.

Алдын алу шаралары:

• тазалықты сақтау;

• шикі өнімдерді дайын тағамдардан бөлек ұстау;

• тағам өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу;

• өнімдерді қауіпсіз температура жағдайында сақтау;

• таза суды және сапалы, қауіпсіз тағамдық шикізатты пайдалану.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А.Еркінбекова

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.