Skip to content
Басты бет / СЭС / Баланың ойыншығы қауіпсіз болуы тиіс

Баланың ойыншығы қауіпсіз болуы тиіс

14

Баланың ойлау және айналаны тану қабілеті жетілгенше ол үшін қоршаған ортадағы заттардың бәрі жұмбақ. Ал бұл жұмбақты шешуге көмектесетін құралдың бірі-ойыншық. Бала ойыншықтар арқылы дүниені тани бастайды, оларды өзінің жанашыр досы ретінде қабылдап, жүрегіне жақын ұстайды.

Бүгінгі таңда ел аумағында сырттан әкелінетін тауарлар саны күн санап артуда. Адамның өмірі мен денсаулығын қорғау және тұтынушыларды жаңылыстыруға әкеліп соғатын іс-әрекеттердің алдын-алу мақсатында Кеден одағының техникалық регламенттері жасақталған. Бұл құжаттар арқылы өнімдерді дайындау (өндіру), оны сақтау, тасымалдау, өткізу, сату және пайдаға асыру процестері қадағаланады. Яғни, Кеден одағы аумағында өнімдер техникалық регламент¬тердің талаптарына сәйкестігі расталғаннан кейін ғана айналымға енгізу керек. Тауарлардың сәйкестігін растау сертификаттау түрінде жүзеге асырылады.

Бүлдіршіндердің досы, әрі «ойлау жү¬йе¬сін дамытушы құралымыз»-ойыншықтардың қауіпсіздігін қадағалауға арнайы Кеден одағының 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті жасақталған. Осы техникалық регламентке сәйкес, баланың аузына тиетін ойыншықтарды, сылдырмақтарды бояуға жол берілмейді. Сонымен қатар, бүлдіршіннің денсаулығына немесе өміріне зиян келтірудің алдын алу үшін ойыншықтарда теріні тітіркендіретін әсер болмауы қажет, бұйым жасалатын материалдар таза және ластанбаған, сондай-ақ, қорғаныс және сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, сілекей мен терге төзімді болуы керек.

Ойыншық белгілері оңай оқылатын, тексеруге және сәйкестендіруге қол жетімді болуы қажет.

Ойыншықпен бірге жеткізілетін таңбалау және техникалық құжаттама орыс тілінде және Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде жасалуы керек. Себебі, өнімді сатып алғалы тұрған тұтынушы өнім туралы ақпаратпен танысуы тиіс. Ойыншық аларда ең алдымен ойыншықтың қаптамасына, ондағы таңбалануға мән берген жөн. Таңбалаудың мазмұнында: құрамы, ойыншықты қолдану тәртібі, гигиеналық өңдеу тәсілі, ойыншықты қолдану барысында қауіпсіздік шаралары, ескертпе жазбалар, жинақтау бойынша нұсқаулық болуы қажет. Химиялық ойыншықтың қорапшасына «Назар аударыңыз! Тек «…» (қажетті жас ерекшелігі қойылады) жастан асқан балаларға арналған. Тек үлкендердің қадағалауымен ғана қолданыңыз!» деген жазу болуы қажет. Осы тұста рұқсат етілген жас шамасына назар аударыңыз.

Кішкентай бүлдіршіндерге ең үлкен қауіп ойыншықтардың құрамындағы зиянды химиялық заттардың (формальдегид, фенол, бензол, стирол, винилхлорид және т.б.), ауыр металдардың концентрациясы (қорғасын, мырыш, күшән, сынап, хром, кобальт, никель) белгіленген мөлшерден асуынан болады. Дәмін тату арқылы баланың ағзасына, иммундық жүйесіне қауіп төніп, әр түрлі аллергиялық реакциялар тудырып қана қоймай, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де ұшыратады екен. Мұндай жағдайды болдырмау үшін құрамындағы қоспаларды көрсететін сәйкестік сертификатын талап етіңіз.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑