Жұма, Қараша 8, 2024
8.3 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметБАҚЫТ АСАНОВ: Көк байрағымыз биікте желбірей берсін!

БАҚЫТ АСАНОВ: Көк байрағымыз биікте желбірей берсін!

Құрметті отандастар!

Қадірлі жерлестер!

25 қазан – Республика күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Бұл күннің тарихы 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған күннен бастау алады. Сол сәттен бастап, егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация ел тәуелсіздігінің іргетасы болды деп айтсақ та қателеспейміз. Бұл күн – ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған азаттық күні.

Бұл даңқты датаны ұлттық, мемлекеттік мереке дәрежесінде атап өтудің мәні өте зор, әрі әділ және тарихи шешім. Осы күнге жетуіміз үшін ерлеріміз «күндіз отырмады, түнде ұйықтамады». «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеді». Рухы биік халық қиынға қайыспайды, ауырға мойымайды. Ұлы даланы аман-есен сақтап қалған да – осы асқақ рух.

Ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған халық қана өз дегеніне жете алады. Ең бастысы, ортақ шаңырағымыз – сүйікті Отанымыз ырысқа кенеліп, көк байрағымыз биікте желбірей берсін!

Халқымыздың бірлігі мен қиындыққа мойымайтын ерік-жігері мен қайсарлығының арқасында егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты артып, мәдени-рухани келбеті жоғары деңгейге жетті. Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім салтанат құрып, көзқарастары, пікірлері сан алуан дүниенің дүйім жұртын бір дөңгелек үстел басына жиды. Шекараны шегендеп, тату тірлігін әлемге паш етті. Мұның барлығы да азаттықтың арқасында қол жеткен табыстар, ғасырда жасалар ғаламаттар.

Барша аудан халқын еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күні мерекесімен тағы да құттықтай отырып, әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін.

Баршамыздың ортақ Отанымыз – Қазақстан гүлдеп, жайнай берсін!

Ізгі ниетпен,

Мақтаарал ауданының әкімі

Асанов Бақыт Насырханұлы

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ