Бейсенбі, Мамыр 9, 2024
23.1 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықАуданымыздың жаман атқа қалуы - бәрімізді ойландыруы тиіс

Ауданымыздың жаман атқа қалуы – бәрімізді ойландыруы тиіс

Шыны керек, партиямызға деген халықтың сенімі өте төмен. Елдегі қымбатшылық, халықтың табысының аздығы, жұмыссыздық, жемқорлық, сапасыз жол, сапасыз құрылыстар сияқты мәселелердің барлығы да еліміздің бас партиясына ҮЛКЕН СЫН. Дегенмен, мұның бәрін өзгерту үшін әр азамат, қоғам, халық, партия болып жұмылсақ, нәтижеге жетуге болады ғой?
«Amanat» – еліміздегі ең үлкен саяси күш. Сол күшті пайдалана отырып, ата-бабаларымыздың ұлы мұраттарын біз бірігіп қана жүзеге асыра аламыз. Біз қоғам мен мемлекет игілігі үшін елдегі әрбір мәселені ашық айтып, оның шешіміне баршамыз білек сыбана кіріскенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Қоғамда әлеуметтік әділеттілікті орнатып, барлық азаматтарға тең мүмкіндіктер жарату үшін әрбіріміз шындықты бетке айтып, шырылдап жүрген жанға назар аударуымыз керек.
Күні кеше «Amanat» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде аудан тұрғындарына қоғамдық қабылдау өткіздім.
Қабылдауыма келген әрбір азаматқа партияның күшін дұрыс пайдалану керектігін, шындықты айтқанда аянып қалмау керектігін түсіндірдім. Ең алғашқы болып қабылдауыма келген тұрғындарымыздың бірі жоғары оқу орнын бітіріп ауылдағы мектепке «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасады. Енді практикасы аяқталған соң тұрақты жұмысқа орналасу үшін пара беру керек деген қате түсінікпен жүр. Жұмысқа орналасуға 1,5 миллион теңгені қайдан табамын деп бас қатыруда екен. Мен өз кезегімде бұрынғы түсініктен, ойдан мүлде арылу керектігін, парасыз да жұмысқа орналасуға болатынын кеңінен түсіндірдім. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық мәселесі елімізде өте өзекті, сондықтан аудандық мәслихаттың депутаттары және партияластарымызбен бірге осы мәселені терең талқылап, тұрғындарды «пара беру керек» деген ойдан мүлде арылтуға білек сыбана кіріскенімізді айттым. Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы әкімдік жиналысында ұсталып кеткен шенеунік сияқты өз арамызда да ондай тұлғалар болған жағдайда бәріміз бірге оның жолын кесуге уағдаластық танытқанымызды түсіндіріп, аталған азаматқа «Amanat» партиясының мүшелері және аудандық депутаттары біргелікте көмек беретінімізді жеткіздім.
Әрине, инфраструктура, құрылыс мәселелерін әрі кеткенде 2-3 жылда шешімін табуға болады. Алайда, сыбайлас жемқорлық мәселесін шешу үшін қанша жыл керек? Тәуелсіздік алғалы бұл мәселенің шешімін әлі таба алған жоқпыз. 1,2 миллиард теңгені жымқырды деп ауданның білім бөлімінің есепшілерінің ұсталғаны бәрімізге сабақ болуы керек. Ауданымыздың күллі республикаға атағы жайылып, жаман атқа қалуы – бәрімізді ойландыруы тиіс.
Қабылдауымда болған Қилыбай Ирсаев ақсақалымыз Атакент кентіндегі «Қазақ мақта тарихы» мұражайы ғимаратын жаңадан салуға мұрындық болуды сұрады.
Атакент кентінің тағы бір тұрғыны Д.Мылқабаев Н.Төреқұлов көшесін жөндеуді, басқа да округтердің тұрғындары Қ.Болатов балаларын үйірмелерге тегін қатыстыру, Г.Асабаева Бірлік ауылдық округі Алғабас елдімекеніне медициналық пункт салу, А.Әзімбаева қоқыс мәселесін, Оралбаев Жастар көшесін жарықтандыру, Б.Бектораева электронды темекіге тыйым салу, газ мәселесін, Б.Жамшиев Иіржар ауылдық округі Наурыз елдімекеніне медициналық пунк салу мәселелерін көтерді.
Өз кезегімде мен қолданыстағы заңнамалар негізінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселелердің шешімі бойынша жауаптар бердім. Мәселен, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, құрылыс мәселелері өз кезегімен шешілетінін айттым. Ал, кейбір күрделі мәселелер бойынша тиісті органдарға депутаттық сауал жолдайтынымды жеткіздім.
«Amanat» – бұл баяғы «Nur Otan» емес. «Жаңа Қазақстан» – ескі Қазақстан сияқты болмауы керек. Еліміздің әрбір азаматы жаңаша ойлануы керек, қызмет үшін ақша беруді ұмытыңыздар. Өзіңіздің құқығыңызды қорғау үшін ақша беруді, пара беруді тоқтатыңыздар. Сауатты болыңыздар. Заңды үйреніңіздер. Сыбайлас жемқорлықпен күресуді үйренейік, бірігіп күресейік. Сонда ғана «Жаңа Қазақстан» бола аламыз!

Қанат МЫРЗАХМЕТОВ,
Аудандық мәслихаттың депутаты

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ