Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Атакенттегі «Алтын шаңырақ» мейрамханасында өткен балалар шыршасы ерекше шара болды.
Іс-шараға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары қатысып, олардың жүздерінде қуаныш орнады. Жиынның қадірлі қонақтары, аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Қошқаровтар балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға деген жылы лебіздерін білдірді.
«Біз бүгін осы шыршаның айналасында біріккен балалардың жүздерінде жарқыраған бақытты, күлімсіреу мен шаттықты көреміз. Сіздердің бұл қуанышыңыз — біздің басты байлығымыз. Балалар — еліміздің болашағы, сіздерге білім мен тәрбие беру арқылы біз жарқын ертеңді қалыптастырамыз. Баршаңызға денсаулық, бақыт, қуаныш және жаңа жетістіктер тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын!» – деді, Алтын Күнтуқызы.
Іс-шара барысында түрлі спонсорлардың қолдауымен балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілді. Бұл сыйлықтар балалар үшін үлкен қуанышқа айналып, жаңа жыл мерекесінің шырайын аша түсті. Мейрамхананың жайлы атмосферасы мен ұйымдастырылған бағдарламалар балалардың көңілін көтеріп, ұмытылмас сәттерге толы болды.
Бұл іс-шара әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көңіл бөліп, олардың жаңа жылды қуанышпен қарсы алуына мүмкіндік туғызды.