Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру және кәсіпкерлік нысандарда тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.
Осы мақсатта аудан әкімі Бақыт Асановтың өкімімен құрылған арнайы жұмысшы топ аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, санитариялық талаптарды сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Кезекті рейдтік іс-шара халқының саны 20 мыңнан асатын Атакент кентінде ұйымдастырылды. Іс-шараға кент әкімі, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар саласының мамандары және өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Рейд барысында жұмысшы топ сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындары, қызмет көрсету мекемелері мен өзге де кәсіпкерлік субъектілерін аралап, санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіру, сыртқы келбетін жаңарту, іргелес аумақтарды тұрақты тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз орналастырылған жарнамалар мен артық заттарды алып тастау, сондай-ақ қоршаулар мен кіреберістерді талапқа сай ұстау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.
Жұмысшы топ мүшелері тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, кенттің көркеюіне, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға кәсіпкерлердің қосар үлесі ерекше екені айтылып, ауданның санитариялық тазалығы мен эстетикалық келбетін жақсартуға белсенді атсалысуға шақырды.
Іс-шара барысында санитариялық талаптарды сақтамаған жағдайда заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары түсіндіріліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде ескертулер мен ұсынымдар берілді. Кейбір кәсіпкерлерге айыппұл салынды. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы мұндай түсіндіру және мониторинг жұмыстары Мақтаарал ауданының барлық елді мекендерінде кезең-кезеңімен жалғасады. Негізгі мақсат – тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында санитариялық мәдениетті нығайту, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар үшін таза, қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.











