Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Аудан басшысы жаңадан ашылған STEAM кабинетінің жұмысымен танысты

Аудан басшысы жаңадан ашылған STEAM кабинетінің жұмысымен танысты

186

Мақтаарал ауданында білім беру саласын жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте аудан әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентіндегі С.Рахымов атындағы жалпы білім беретін мектепте ашылған жаңа STEAM кабинетінің жұмысымен танысты.

Аталған кабинет заманауи талаптарға сай жабдықталып, демеушілердің қолдауымен іске қосылған. Жоба мақсаты – оқушылардың білімін тек теориялық деңгейде ғана емес, тәжірибелік тұрғыда дамыту, олардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін арттыру.

STEAM (Science, Technology, Engineering, Art, Mathematics) бағытындағы кабинетте жаратылыстану, технология, инженерия, өнер және математика пәндері өзара кіріктіріліп оқытылады. Мұнда оқушылар түрлі зертханалық жұмыстар жүргізіп, инженерлік жобалар құрастырып, нақты өмірлік мәселелерге практикалық шешімдер табуға машықтанады. Сонымен қатар, жаңа форматтағы оқу кеңістігі балалардың цифрлық сауаттылығын арттырып, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Кабинет заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған: робототехника жиынтықтары, «Ақылды қала» макеті, 3D модельдеу құрылғылары, интерактивті тақталар, өсімдіктерді гидропоника тәсілі арқылы өндіретін жылыжай мен зертханалық құралдар білім алушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде оқушылардың болашақта техникалық және инженерлік мамандықтарға деген ынтасын күшейтеді.

Аудан әкімі сапар барысында білім беру сапасын арттыру – өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мұндай бастамалар жастардың заманауи талаптарға сай білім алуына жол ашып, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.

Жалпы Мақтаарал ауданында білім беру инфрақұрылымын жақсарту, мектептерді жаңа технологиялармен жабдықтау бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жаңа STEAM кабинеті – осы игі бастамалардың нақты көрінісі.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.