8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан әкімі аппаратында қызмет атқарып жүрген қыз-келіншектерді арнайы құттықтап, оларға құрмет көрсетті.
Мерекелік кездесуде аудан басшысы нәзік жандылардың қоғамдағы, мемлекеттік қызметтегі және отбасы өміріндегі маңызды рөліне тоқталып, олардың жауапкершілігі мол еңбегін ерекше атап өтті. Бақыт Насырханұлы өз сөзінде соңғы күндері аудан аумағында жауын-шашын тоқтаусыз жауып тұрғанын айтып, дәл осы мерекелі күні күннің ашылып, шуақ шашуы да ерекше бір жақсылықтың нышанындай әсер қалдырғанын жеткізді.
«Соңғы апта бойы жауын-шашын толастамай жауып тұрған болатын. Бүгін міне, мерекелі күні күн де ашылып, айнала нұрға бөленіп тұр. Бұл да әйелдер қауымына деген табиғаттың құрметіндей көрінеді. Сіздер аудан әкімдігі аппаратында абыройлы еңбек етіп, мемлекеттік қызметтің жауапты саласында үлкен үлес қосып келесіздер. Әрқайсыңыздың еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз», – деді, аудан әкімі.
Кездесу барысында аудан әкімі аппаратта қызмет ететін қыз-келіншектерге гүл шоқтарын табыстап, арнайы құттықтау хаттарын ұсынды. Сонымен қатар, аппараттағы ер азаматтардың атынан ұйымдастырылған сыйлықтар да табысталып, нәзік жандыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында әріптестер бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, әйелдер қауымының қоғамдағы орны мен еңбегі туралы жылы лебіздерін жеткізді. Мұндай игі дәстүрлер ұжымдағы бірлік пен сыйластықты арттырып, қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетіні атап өтілді.
Айта кетейік, Халықаралық әйелдер күні – әлемнің көптеген елдерінде атап өтілетін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн әйелдердің қоғамдағы рөлін дәріптеп, олардың еңбегіне құрмет көрсететін ерекше мереке ретінде кеңінен тойланып келеді.












