Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда «Ана — өмір шуағы» атты мерекелік іс-шара өтті

Мақтааралда «Ана — өмір шуағы» атты мерекелік іс-шара өтті

46

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мақтаарал ауданында «Ана – өмір шуағы» атты мерекелік мәдени іс-шара өтті.

Ауданның білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ардақты аналар, ұстаздар, қыз-келіншектер және білім беру мекемелерінің оқушылары мен өнерпаздары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – әйелдердің еңбегін құрметтеу, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында анаға деген сүйіспеншілік пен сыйластық сезімін қалыптастыру.

Мерекелік кештің шымылдығы Ш.Бектасов атындағы №38 жалпы білім беретін мектептің 6–7 сынып оқушылары орындаған «Торсық» биімен ашылды. Іс-шара барысында анаға деген құрмет пен ілтипатты дәріптейтін әндер шырқалып, көркем әдеби шығармалар оқылып, би қойылымдары ұсынылды.

Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, қоғамдағы әйелдердің, аналардың ерекше рөлін атап өтті. Олар нәзік жандылардың отбасы берекесін сақтаудағы, ұрпақ тәрбиелеудегі және ел дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін жеткізді.

Мерекелік бағдарлама барысында аудан мектептері мен шығармашылық ұйымдарының өнерпаздары түрлі музыкалық және сахналық қойылымдарын ұсынды. Атап айтқанда, Ә.Бөкейхан атындағы мектептің оқушысы Ерхат Мырзабай Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін орындаса, «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық» орталығының тәрбиеленушілері Мұқағали Мақатаевтың «Әйелдердің мерекесі екен ғой» өлеңін сахналады.

Кеш барысында «Қыз ғұмыр» атты сахналық көрініс ұсынылып, қыз баланың өмір жолы – балалық шақтан бастап ана мен әже деңгейіне дейінгі кезеңдері көркем түрде бейнеленді. Бұл қойылым көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Іс-шара аясында аудан мектептерінің оқушылары мен ұстаздары орындаған әндер мен билер көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар қатарында А.Байтұрсынов атындағы №9 мектептің музыка пәні мұғалімі Салтанат Сейдешова, №59 мектептің мұғалімі Сұлушаш Байтова, Қ.Мүсірепов атындағы №20 мектептің мұғалімі Айгүл Балыкбаева және өзге де өнерпаздар болды. Сонымен қатар, Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалып, «Миллион раушан гүлі» биі көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік кеш жылы лебіздер мен әсем әндерге толы әсерлі бағдарламамен аяқталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.