Бейсенбі, Қараша 21, 2024
9.5 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметТың жерлерді игеруге тер төккен

Тың жерлерді игеруге тер төккен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарын лайықты бағалап, олардың өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету керектігін үнемі айтып жүр. Осы тұрғыдан алғанда біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған азаматтың өмір жолы да жастарға үлгі етуге тұрарлық.

Омарбек Тастемірұлы 1949 жылдың 15 мамырында Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Леңгір ауданына (қазіргі Қазығұрт ауданы Рабат елдімекені) қарасты «Талдыбұлақ» колхозында дүниеге келген. Сол жылдары тың жерлерді игеру жұмыстары қолға алынған болатын. 1951 жылы Құрымбаевтар отбасы Киров атындағы каналды қазуға қатысуы үшін Мақтаарал ауданының Абай атындағы колхозына орналасады. Осылайша бала Омарбек осы өңірде жүріп есейді. Еңбекке ерте араласты. Ол кезде жастарды алдымен еңбекке баулып, одан кейін қарым-қабілетіне қарай жоғары оқу орындарына жолдама беретін. Елгезектігімен көзге түскен Омарбек Ташкенттегі бухгалтерлік техникумға жолдама алып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. 1970 жылы еңбек жолын қарапайым есепші болып бастаған ол көп ұзамай бас есепшінің орынбасары, бас экономист қызметтеріне жоғарылатылады. Жұмыс істеп жүріп Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетін «Бухгалтерлік есеп және шаруашылық жұмыстарды талдау» бөлімін бітіреді. Білікті маман ұжымшардың бас экономисі болып қызмет атқарып жүрген жылдары қарапайым еңбек адамдарының жұмысын жоғары бағалап, жыл соңында ақшалар сыйақыға қол жеткізуіне жағдай жасайды. Осылайша елдің алғысына бөленген маман қызметте де жоғарылай береді.

1970-1981 жылдар  аралығында Абай колхозында бас экономист болған Омарбек Тастемірұлы әйгілі мақташы Социалисттік Еңбек Ері Жолбарыс Қалшораевтан кейін колхоздың комсомол ұйымын басқарды. 1974-1979 жылдары Шымкент обком комсомолының пленум мүшесі болған ол 1975 жылы Қазақстан ЛКЖО-ның XV съезіне делегат болып сайланған.

Бас экономисттік қызметті комсомол ұйымының жетекшілігі сияқты жауапты қызметпен шебер үйлестіре білген Омарбек Тастемірұлы жастармен тығыз жұмыс істеп, жасампаз істерге бастамашыл болды. Оның еңбегін лайықты бағалаған ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Зайырбек Ахметовтың ұсынысымен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Спақұл Малдыбеков партия ұйымы хатшысының орынбасары етіп бекітеді. Осы қызметте жүргенде тек идеологияны ғана емес, шаруашылықтың да сан-салалы қыр-сырын жетік меңгеріп, көпшіліктің алғысын алып, ыстық ықыласына бөленеді. «Красная луч» колхозына бас бухгалтер болып барған жылдары да жас ұжымшардың іргесін бекіту жолында да жанқиярлықпен еңбек етті. Сол жылдары Омарбек Құрымбаевтың қарамағында жұмыс істеген жас мамандар бүгінде түрлі басшылық қызметтер атқарып жүргенін де айта кетейік. Соның бірі – «Аманат» партиясының Жетісай аудандық филиалына басшылық ететін Әділхан Асауов. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Ә.Асауов біраз жыл аудандық қазынашылық банкті басқарды, ұжымдарда бас есепші болды, аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымының депутаты бола жүріп тексеру–ревизиялық бөлімді батқарды. Әділхан да кезінде колхозда комсомол жетекшісі болған. Тағы бір шәкірті Әбдіманап Байдуллаев та жоғарғы оқу орнын бітірген соң ұжымда комсорг, ауыл әкімі, мектеп директоры аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен «Парасат» ордерімен марапатталды.

Тағы бір сәйкестікке зер салсаңыз – Әбдіманаптың әйелі марқұм Гүлзина мен Әділханның жары Жанат та ұстаздықты таңдаған, екеуі де Омарбек ағаның жұбайы Күләйданы ұстаз санайды.

Омарбек Тастемірұлының еліміз егемендігін жариялаған кездегі істері де ұланғайыр. Жаңа дәуірге бет бұрған кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мәселесі ең алдыңғы қатарда тұрды. Тіпті осындай қызмет жасауға дайын мамандар бізде мүлде жоқ еді. Сол себепті Омарбек Тастемірұлы заман талабына сай жаңаша жұмыс істеуге тәуекел етті. Жан-жақты реформалар жасап, мәселеге тереңірек үңілді. Шаруа қожалықтарын біріктіру қажеттігін айтты. Бұл ұсынысы қазіргі күнде де маңызын жойған жоқ. 1997-2007 жылдары Мырзакент мақта зауытында жауапты қызмет атқарған ол 2008 жылдан бері қаржы саласында дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінде қызмет атқарып келеді.

Омекең өмірлік жолдасы Күләйда Сейдәліқызы екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, олардан жиырмадан астам немере сүйіп отыр. Үлкен ұлы Ербол кәсіпкер болса, келіні Айнұр банк қызметкері. Айтпақшы Айнұрдың әкесі – Танабай Құлтасов  «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры – Оңтүстік Мичурині атанған диқан. Үлкен қызы Перизат кітапхана меңгерушісі болса, одан кейінгі Гүлнәры мен Данасы да әке жолын қуып банк саласын таңдады. Кенже ұлы Жеңіс полиция қызметкері болса, келіні Назира – педагог. Немерелердің үлкені Еркебұлан – агроном. Одан кейінгі Жасұлан, Нұржан, Нұрдаулет, Нұриддин, Саян, Нәзгүл, Дария, Жұлдыз, Раяна сынды немерелері де болашақта бір бір саланың маманы болып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосыда деген сенім бар. Осылайша Мырзашөлдің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Омарбек ағаның өнегелі өмірін өскелең жастарға үлгі етсек, оның да болашағамыз үшін берері аз болмақ емес.

Жеңіс СЕРІКБАЙҰЛЫ, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ