Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, әкімдік аппаратының бөлім басшылары, дербес бөлімдердің жетекшілері, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, ең алдымен Еңбекші ауылдық округі аумағында қызыл сызық талаптарын және құрылыс нормаларын сақтамай өз бетінше салынған тұрғын үйлер, қосалқы шаруашылық ғимараттары мен коммерциялық нысандарды реттеу мәселесі қаралды. Бұл жөнінде ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ербол Тұрғанбаев баяндама жасап, заң талаптарын бұза отырып жүргізілген құрылыс нысандарына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол алдағы уақытта мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу және елді мекендерді жоспарлау талаптарына сай дамыту бағытында тиісті шаралар күшейтілетінін атап өтті.
Келесі кезекте ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов газбен қамтылған елді мекендердегі тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу барысы туралы баяндады. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды түгендеу, деректерді нақтылау және тұрғын үй қорын тиімді пайдалану мәселелері сөз болды. Бөлім басшысы бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Мәжіліс барысында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Әділ Тұрсынханов аудандағы санитарлық тазалықтың жай-күйіне тоқталып, елді мекендерде тазалық талаптарының сақталуы, бейберекет қоқыс орындарын жою және жауапты мекемелердің жұмысын күшейту қажеттігін көтерді. Сондай-ақ жиын барысында қысқы сор шаю жұмыстарының барысы, ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
Аудан әкімі Бақыт Асанов күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.











