Мақтаарал ауданы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында өрт қауіпсіздігін сақтау және тұрмыстық газдан улану жағдайларының алдын алу мақсатында рейдтік бақылау жұмыстары күшейтілді. Аталған шаралар тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Осыған орай, бүгін Мақтаарал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, газ инспекциясының мамандары және әкімдік өкілдері бірлесіп, бүгін ғана табиғи газға қосылған Жантақсай ауылында арнайы рейдтік іс-шара өткізді. Рейд барысында тұрғын үйлердегі газ жабдықтарының қауіпсіздігі, пеш пен жылыту жүйелерінің талапқа сай орнатылуы, түтін мұржаларының жағдайы және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы жан-жақты тексерілді.
Мамандар ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық газды пайдалану кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын еске салды. Атап айтқанда, газ құралдарын қараусыз қалдырмау, желдету жүйелерін үнемі ашық ұстау, ақау анықталған жағдайда дереу тиісті мекемелерге хабарласу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, көмірқышқыл газынан уланудың алдын алу жолдары мен алғашқы көмек көрсету тәсілдері де түсіндірілді.
Рейдтің негізгі мақсаты – газдан улану, өрт шығу және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу, сонымен қатар адам шығынына жол бермеу. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бойынша тұрғындарға нақты ұсыныстар беріліп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығы қатаң ескертілді.
Аудан әкімдігі мен жауапты мекемелер өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әсіресе газ жүйесіне жаңадан қосылған елді мекендерде тұрақты түрде жүргізілетін болады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайлардың алдын алуға септігін тигізбек.







