Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның №4 кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі, комиссия төрағасы Бақыт Асанов төрағалық етті.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес аудан аумағында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғатты қорғау саласындағы өзекті мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша алаяқтық қылмыстардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды. Бұл бағытта Мақтаарал аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Е. Надиров пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Бабашев баяндама жасады.
Баяндамаларда интернет-алаяқтық, телефон арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, профилактикалық іс-шараларды жүйелі жүргізу қажеттілігі атап өтілді.
Келесі мәселе қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйесін жетілдіру тақырыбына арналды. Бұл жөнінде ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ. Полатов пен полиция подполковнигі Е. Надиров баяндады.
Жиында қоғамдық орындарға орнатылған бейнебақылау камераларының тиімділігі, оларды көбейту, техникалық жағдайын жақсарту және құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөлі сөз болды. Сонымен қатар, отырыста табиғатты қорғау және браконьерлік құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі қаралды. Бұл бағытта полиция басқармасы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар баяндалып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бақыт Асанов құқық бұзушылықтың алдын алу – барлық жауапты мемлекеттік органдардың бірлескен әрі жүйелі жұмысының нәтижесі екенін атап өтті. Ол профилактикалық шараларды күшейтуді, халықпен кері байланысты арттыруды және қабылданған шешімдердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты тиісті хаттамалық тапсырмалар беріліп, жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.











