Өткен аптаның сенбі күні Мақтаарал ауданында жалпыұлттық “Таза Қазақстан” акциясының кезекті сенбілігі ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері жаппай экологиялық іс-шараға атсалысты.
Сенбіліктің негізгі мақсаты – ауданның экологиялық ахуалын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және тұрғындар арасында табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру болды.
Аудан әкімдігі тарапынан бекітілген 2025 жылдың күзгі көгалдандыру жоспарына сәйкес, жалпы 25 300 түп ағаш көшетін отырғызу қарастырылған. Қазіргі таңда оның 4 500 данасы егілді, бұл – жоспардың алғашқы кезеңінің сәтті басталғанын көрсетеді.
Көгалдандыру жұмыстарын қарқындату мақсатында қараша айында қомақты көлемде көшет жеткізілді. 12 қараша күні — 3 600 дана қараағаш көшеті, 15 қараша күні — 12 000 дана қараағаш көшеті ауданға әкелінді. Жалпы алғанда, осы айда 20 100 түп қараағаш көшеті жеткізіліп, көгалдандыру қоры толықтырылды.
Екпе ағаштар ауданның бірнеше аймақтарына отырғызылуда. Атап айтқанда, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойына, мекеме ғимараттарының айналасына, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындарына көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Ағаштардың жерсінуін қамтамасыз ету үшін суару жүйесі де жолға қойылған. Көшеттер МП-80 су айдау насостары арқылы ағын сумен жүйелі түрде суарылып келеді.
Аудан басшылығының айтуынша, бұл жұмыстар Мақтааралдың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, тұрғындар үшін қолайлы экологиялық ортаны қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, “Таза Қазақстан” акциясы аясындағы сенбілік тұрғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдыруға ықпал етуде.








