Мақтаарал ауданында елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Қуанышты жаңалық — бүгін аудан бойынша 59-шы болып Ынталы ауылы, ал 60-шы болып Көксу ауылы табиғи газ жүйесіне қосылды.
Ынталы ауылындағы игі шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Әкім өз сөзінде тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі қуаныш – барша Ынталы мен Көксу халқының көптен күткен арманының орындалуы. Газ желісінің іске қосылуы – тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімді шешім. Бұл жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді», – деді, аудан басшысы Бақыт Асанов.
Ауыл тұрғындары әкімге және облыс, аудан басшылығына өз ризашылықтарын білдіріп, көгілдір отынның келуімен қыстың қамын ертерек жасап, тұрмыс деңгейінің жақсарғанын атап өтті.
Айта кетсек, соңғы жылдары Мақтаарал ауданында елді мекендерді газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда жалпы аудан бойынша 68 елді мекеннің 60-ы газға қосылған. Келесі жылы аудан 100% газбен қамтылатын болады.








