Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың бастамасымен Мырзакент кентіндегі орталық базар аумағы мен оның айналасында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және заңсыз кәсіпкерлік нысандарын ретке келтіру бағытында арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейдтің басты мақсаты – кент аумағындағы тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау, бейберекет сауданың алдын алу және тұрғындар мен кәсіпкерлерге қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыру.
Іс-шара барысында базар маңы мен оған іргелес аумақтар жан-жақты тексеріліп, бірқатар кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, санитарлық талаптардың сақталмауы, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасау, көлік қозғалысына кедергі келтіретін бейберекет сауда нүктелері сияқты мәселелер назарға алынды. Базар аумағындағы ретсіздік бойынша базар әкімшілігіне нақты ескертулер беріліп, тиісті талаптарды орындау міндеттелді.
Аудан әкімінің орынбасары базарды және оған іргелес орналасқан автобекетті заман талабына сай жаңғырту қажеттігін атап өтті. Ол инфрақұрылымды жақсарту, сауда нүктелерін біріздендіру және келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қайта жаңғырту жұмыстарын қолға алуға ұсыныс білдіріп, қажет болған жағдайда жоба эскизін жасап беруге дайын екенін жеткізді.
Мұндай рейдтік іс-шаралар тек бір реттік емес, алдағы уақытта тұрақты түрде өткізіліп, кенттің тазалығы мен тәртібін сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Бұл – аудан басшылығының тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдарының бірі.






