Вторник, 14 октября, 2025
16.1 C
Мырзакент
ҮйБілімҰстаз - мәңгілік ұғым!

Ұстаз – мәңгілік ұғым!

Қадірлі сала ардагерлері мен білім беру ісінің қызметкерлері!

Қазан айының алғашқы аптасы — адамзат тарихындағы ең ұлы мамандық иелеріне, яғни ұстаздарға арналады. Сіздерді шын жүректен төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен құттықтаймын!

Ұстаз – мәңгілік ұғым. «Ұстаз» деген сөздің өзінде үлкен мағына, терең мазмұн, ерекше құрмет жатыр. Өйткені ұстаз – балаға білім беріп қана қоймай, оны адам қылып тәрбиелейтін, болашағына бағыт-бағдар беретін тұлға. Қоғамда қандай мамандық иесі болмасын – дәрігер де, инженер де, ғалым да, әкім де – барлығының негізінде ұстаздың терең білімі мен маңдай тері жатыр.

Қазақта: “Жақсы ұстаз – мектептің жүрегі,” – деген дана сөз бар. Сол жүректің соғуы – ел болашағының соғуы. Сіздердің бойларыңыздағы кәсіби білік пен адами парасат, мейірім мен жауапкершілік – өскелең ұрпақтың тағдырына тікелей әсер етеді. Сіздер балаларға білім ғана емес, тәрбиені, Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық рух пен адамгершілікті дарытасыздар.

Бүгінгі таңда елімізде ұстаз мәртебесі биіктеп, білім беру саласы үлкен өзгерістер мен жаңғыруларды бастан өткеруде. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен “Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданып, ұстаздарға жағдай жасау — мемлекеттің басты басымдықтарының біріне айналды. Бұл – еңбегі еленіп отырған ұстаздар қауымына көрсетілген зор құрметтің дәлелі.

Одан бөлек, 2025 жылғы 8-қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауының жетінші бағытында адам капиталын дамыту, оның ішінде білім саласына айрықша тоқталып өтті. Жолдауда «Келешек мектептері» ұлттық Жобасын одан әрі жандандыру, жасанды инттелектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарды қалыптастыру, оның ішінде мектепте жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу, қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу қажет екенін айтты. Міне, мұның бәрі білім саласын қолдаудың айқын көрінісі.

Құрметті ұстаздар!

Мақтаарал ауданының дамуына, жас ұрпақтың тәрбиесіне қосып келе жатқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Ауданымызда білім сапасы жыл сайын артып, ұстаздарымыздың жетістігі көбейіп келе жатқаны біз үшін үлкен мақтаныш. Бұл – сіздердің үздіксіз еңбектеріңіздің жемісі.

Бүгінгі мерейлі мерекеде әрқайсыңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыс тілеймін!

Жаңа бастамаларыңыз әрдайым жемісті болсын! Шәкірттеріңіз – ел үмітін ақтар азаматтар болып өсіп, сіздердің еңбектеріңіз ешқашан ескерусіз қалмасын.

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбектеріңізге мың алғыс!

Ұстаздар күні құтты болсын!


Ізгі ниетпен,

Мақтаарал ауданының әкімі

Асанов Бақыт Насырханұлы

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ