Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Мырзакент кентінде орналасқан «Мейірім-Шапағат» күндіз болу орталығында болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен жақыннан танысты.
2018 жалдан бастап 2025 жылдың ақпанына дейін Мырзакент кенті Мадиходжаев көшесі №19 үйде қызмет көрсетіп келген орталық биыл Қожанов көшесі №6 мекенжайында орналасқан жаңа ғимаратқа көшіп келіп, жұмысын жалғастыруда.
Оңалту орталығында психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынып келеді. Қазіргі таңда мұнда 30 балаға кәсіби оңалту және әлеуметтік көмек көрсетілуде.
Орталық қызмет алушыларға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, балалардың күнделікті тұрмыстағы қажеттіліктерін қамтамасыз ету, денсаулығын сақтау мен қалпына келтіру, психологиялық жағдайын жақсарту, педагогикалық түзету арқылы білім беру дағдыларын дамыту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және мәдени іс-шаралар өткізу, балалардың өмір сүру сапасын арттыру, заңды құқықтарын қорғау, кеңес беру, еңбекке баулу, жеке қабілеттеріне сай дағдыларын дамыту бағытында жұмыстар атқарылып келеді.
Орталықта балалармен жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Оның ішінде логопед, психолог, дефектолог мұғалім, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, дене шынықтыру мұғалімі, еңбек терапиясы жөніндегі маман, музыка мұғалімі, балалар дәрігері, массаж мейірбикесі, невропатолог дәрігер, тәрбиешілер мен медбикелер тұрақты түрде жұмыс атқарады.
Әкім Бақыт Насырханұлы мекеме қызметкерлерімен кездесіп, олардың атқарып отырған еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, ерекше күтімді қажет ететін балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемін арттыру бойынша бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді.
«Бұл орталық – ерекше күтімді қажет ететін балалардың өмір сапасын арттыру жолында үлкен маңызға ие мекеме. Мемлекет тарапынан мұндай орталықтардың дамуына барынша қолдау көрсетілуі тиіс. Балалар – біздің болашағымыз. Олардың әрқайсысы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде дамуға лайық», – деді, аудан басшысы.
Сапар соңында әкім орталық ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта әлеуметтік қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жалғасатынын атап өтті.











