Четверг, 11 сентября, 2025
18.2 C
Мырзакент
ҮйАЙМАҚМақтааралда "Орталық Азия" ХӨКО аумағында өнеркәсіптік парктің іргетасы қаланды

Мақтааралда “Орталық Азия” ХӨКО аумағында өнеркәсіптік парктің іргетасы қаланды

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, технологиялық серпіліс жасау және халықаралық әріптестікті нығайту бағыттары нақты іске асырылып келеді. Президенттің халыққа Жолдауындағы міндеттерді орындау мақсатында Мақтаарал ауданы, Атакент кеден бекеті маңындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағында бүгін өнеркәсіптік паркінің іргетасы қаланды.

Жобаның жалпы инвестициялық құны – 123 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындарының саны – 3 000-нан асады деп күтілуде. Бұл, әсіресе Мақтаарал ауданы мен жалпы Түркістан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық серпіліс әкелетін көрсеткіш. Қазірдің өзінде орталық аумағында 10-ға жуық жергілікті кәсіпкерлер өз жобасын бастауда. Салтанатты шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жаңа индустриалды парк жобасының жұмысына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібі саласына инвестиция тарту міндетін қойған болатын. Осы бағытта өңіріміздің әлеуетін дамыту үшін бүгін біз «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын индустриалды парктің іргетасын қалап отырмыз. Бұл жерде электр энергиясын таратуға арналған жабдықтар, төмен вольтты электр жабдықтары, инвесторлар мен өнеркәсіптік автоматика жүйелері, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстар өңіріміздің республикалық бюджетке тәуелділігін төмендетіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жерге 123 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 3 000 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар зауыттардан түсетін салықтар арқылы республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемі артады, – деді Н.Көшеров.

«Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы – тек өндірістік жоба емес, ол аймақтың болашағын, жаңа экономикалық дәуірін айқындайтын стратегиялық платформа.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қытайдың халықаралық инвестицияларды қолдау қауымдастығы Экономикалық комитеті бас хатшысының орынбасары Лю Цинфэн, Вэньчжоу қаласының Сауда департаментінің басшысы Юй Лицин сөз сөйлеп, екі ел көшбасшыларының қолдауымен қолға алынған өңдеу өнеркәсібі саласына жобаларды жүзеге асыруға күш салатындарын жеткізді. Жаңа кәсіпорындардың құрылысын сапалы да мерзімінде іске асатынын айтты.

Жобалар аясында төмен вольтті электр жабдықтарын өндіру, инверторлар мен автоматтандыру жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттары (БПЛА), сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрылғылар өндірісі көзделуде. Бұл өңірді техникалық-инновациялық кластерге айналдыруға мүмкіндік береді.

«Орталық Азия» ХӨК орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын біріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқарады. Сонымен қатар бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ. 2027 жылға қарай мұнда 60-тан астам ірі жоба іске қосылып, 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Нәтижесінде Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналмақ. Жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі едәуір артады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік даярлау жолға қойылады. Цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларындағы заманауи шешімдер енгізіледі. Жаңа өндірістік, қоймалық және көліктік желілер салынып, логистика жеңілдейді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ