Вакцинация – жұқпалы аурулардың алдын алудағы ең тиімді әрі ғылыми негізделген әдіс. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, екпе егу арқылы көптеген қауіпті аурулардың таралуы тоқтатылып, халық денсаулығы сақталуда.
Вакцинацияның маңызы
Вакцина ағзаның иммундық жүйесін нығайтып, ауру қоздырғыштарына қарсы арнайы қорғаныс қабілетін қалыптастырады. Соның арқасында адамда ауыр дерттің даму қаупі төмендеп, асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық екпе күнтізбесі
Қазақстан Республикасында балаларға арналған ұлттық екпе күнтізбесі бекітілген. Соған сәйкес әрбір бала туған күнінен бастап туберкулез ,қызылша, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, сияқты жұқпалы ауруларға қарсы кезең-кезеңімен вакцина алады.
Уақытылы салынған екпе – бала денсаулығының кепілі.
Ересектерге арналған вакцинация
Тек балалар ғана емес, ересектер де ревакцинациядан өтіп отыруы тиіс. Мысалы, сіреспеге қарсы екпе әр 10 жыл сайын жасалады. Бұл – ересек жаста да иммунитетті сақтаудың маңызды бөлігі.
Миф пен шындық
Кейбір азаматтар екпеден бас тарту арқылы өз денсаулығына және айналасындағыларға қауіп төндіреді. Вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сай тексеріледі және қолдануға рұқсат етіледі. Вакцинациядан кейін ағзада жеңіл реакциялар болуы мүмкін (қызу, әлсіздік), алайда бұл – қалыпты құбылыс.
Қоғамдық жауапкершілік
Әрбір азамат вакцинациядан өту арқылы тек өз денсаулығын емес, сонымен бірге отбасы, ұжым, жалпы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда қауіпті індеттердің таралуына жол берілмейді.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов