Халықпен алғаш жүздескен 2021 жылғы сайлауалды кездесулерде мен сіздерге Ж.Қалшораев ауылындағы бұрынғы мәдениет үйін қайта жаңғыртамын деп уәде берген едім.
Бұл – жай сөз емес, жүректен шыққан шынайы мақсат болатын. Себебі, бұл мәдениет үйі – менің өзім туып-өскен ауылымдағы, кезінде КСРО дәуірінде дүбірлеп тұрған, ауылдың рухани ордасы болған қасиетті нысан еді. Өкінішке қарай, уақыт өте келе бұл ғимарат қирап, ел естелігіне айнала бастаған. Алайда, мен уәдемде тұрдым!
«Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл бастамамыз нақты іске айналып, өткен жылы жаңа мәдениет үйінің құрылысы басталды. Құрылыс бүгінде аяқталуға жақын. 2025 жылдың қазан айында Ж.Қалшораев ауылында заманауи мәдениет үйі мен жаңа кітапхана тұрғындарымыз үшін есігін айқара ашады.
📌 Жобаның жалпы құны – 743,6 млн теңгені құрайды. Бұл – қарапайым ғимарат емес, ауылдың мәдени тіршілігі мен рухани өмірінің жаңа кезеңін бастайтын кешен болады.
Жаңа мәдениет үйінде кең көрермен залы, балалар мен жастарға арналған шығармашылық үйірмелер, заманауи кітапхана, көрме залдарығ ауылдық деңгейдегі мәдени іс-шараларға арналған алаңдар қарастырылған. Бұл кешен – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға зор үлес қоспақ.
Мен осы бастаманың басы-қасында болып, оның жүзеге асуына бар күшімді салдым. Бұл – менің сіздерге берген уәдемнің орындалғанының айғағы.
13-шілде күні өтетін әкім сайлауында маған қолдау білдіріп, басталған ісіміздің жалғасын табуына мүмкіндік беріңіздер.
Келешекте де округіміздің мәдениетін өркендету, жастарға жағдай жасау – басты міндетім болып қала береді.
ӨЗ АУЫЛЫМА – ЖАНАШЫРЛЫҚПЕН,
ӨЗ ХАЛҚЫМА – АДАЛДЫҚПЕН ҚЫЗМЕТ ЕТЕМІН!

Ізгі ниетпен,
АСАУОВ Данияр Жолдасұлы
Достық ауылдық округі әкіміне кандидат