Бұған дейін Мақтаарал ауданына қарасты Иіржар ауылдық округінде 4 елдімекенге газ берілген болатын. Күні кеше аталған округке қарасты тағы 4 елдімекен көгілдір отынға қосылды.
Қазан айынан бастап Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елдімекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Күні кеше аталған округке қарасты Мақтажан, Иіржар, Азамат және Алаш елдімекендеріне табиғи газ беріліп, ауыл тұрғындары бұл хабарды үлкен қуанышпен қабыл алды.
Аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, жаңа жылдан кейін тағы 1 елдімекенге газ берілетінін жеткізді. Осылайша Иіржар ауылдық округіне қарасты елдімекендер толықтай газбен қамтылмақ.
Ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет, облыс, аудан басшылығына және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Иіржар ауылдық округіне қарасты Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан елдімекендерінің ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталып, бюджеттен 1 миллиард 182 миллион теңге бөлінген болатын.
Жалпы Мақтаарал ауданында табиғи газға 18 477 абонент қосылған. Елдімекендердің 51,2 пайызына газ жеткізілген. Иіржар ауылдық округіне қарасты 8 елдімекенге газ берілгеннен соң ауданның газбен қамту деңгейі 65,2 пайызға жетті.
2021 жылы Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріне қарасты жалпы 12 елдімекенге 1,9 миллиард теңге қаралып, қазіргі таңда жеткізуші газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңгеге қуаттылығы сағатына 50 мың куб метрді құрайтын «Мақтаарал» газ жеткізуші станциясының құрылысы да аяқталуға жақын қалды.
Бұдан бөлек, аудан бойынша газдандырылмаған 23 елдімекеннің ішкі газ жүйелерінің құрылысына және Мақтарал ауылдық округіне жеткізуші газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылы 10 жобаның сараптама қорытындысы алынса, қалған 13 елдімекенге жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Айта кетейік, жоғарыда аталған жұмыстардың бәрі іске асқан соң Мақтаарал ауданының елдімекендерін газбен қамту 100%-ға жететін болады.