Күні кеше Түркістан қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай облыстық «AGROFEST TÚRKISTAN – 2024» салтанатты шарасы өтті.
Іс-шара барысында Мақтаарал ауданы бақша өндіруден озат аудан атанып, облыс әкімінің арнайы дипломымен және статуэткасымен марапатталды.
Биыл аудан бойынша 60,6 мың гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылы отырғызылса, оның ішінде 18 мың гектар алқапқа бақша дақылы егілген болатын. Шаруаларымыз бақшадан 500 мың тоннаға жуық өнім жинап, экспортқа және импортқа жіберілді. Жалпы бақша дақылынан алынған өнім гектарына 275,2 центнерді құрап, рекордтық деңгейге жетіп отыр.
Әлемдегі ең тәтті қауын-қарбыздар Мақтаарал ауданында өседі. Бұл – ресейлік және еуропалық кәсіпкерлердің сөзі. Бұған дәлел, маусым кезінде күн сайын 200-300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД мен Балтық жағалауы елдеріне, Түркия, Германия, Грекия мемлекеттеріне жол тартады.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының диқандары Республикада ең бірінші болып және Өзбекстанға қарағанда 1 апта бұрын бақша өнімдерін нарыққа шығарады.
Мақтаарал ауданында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ның ғалымдары бұрыннан балдай тәттілігімен, ерекше үлкендігімен танымал болған «Мырзашөл» қауынын экспортқа ыңғайластырып, бүгінде облыстағы бірнеше аудандардың диқандары жаппай егіп жүрген «Жиенбет», «Валеть» сияқты қауынның сорттарын шығарды. Осылайша ғылым мен еңбекті ұштастырған сәтте кез келген қамалды бағындыруға болатынын мақтааралдықтар дәлелдеді.