Сенбі, Қараша 23, 2024
14.7 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметБАҚ өкілдері мен өлкетанушылар Мақтаарал ауданында тазалық іс-шарасына қатысты

БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар Мақтаарал ауданында тазалық іс-шарасына қатысты

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Айғақ Медиа» холдингінің директоры Дулат Әбіш бастаған БАҚ өкілдері мен өлкетанушылар Мақтаарал ауданына арнайы іс-сапармен келіп, Мырзакент кентіндегі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» саябағында орналасқан мемлекет қайраткері, марқұм Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлының ескерткіш-бьюстінің айналасына тазалық жұмыстарын жүргізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында және ҚР Конституциясы күні қарсаңында өткен іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Төребеков, облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Қанаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Қадір Сәрсекбаев, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұхтар Сәрсенов, аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Адамбеков, ауданның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабит Полатов, ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Бабашев және ауданның белсенді ардагерлері, кенттер мен ауыл әкімдері, жастар қатысты.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Тасболатұлы мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсатын түсіндіріп, аталған бағдарлама аясында тазалық шарасына қатысуға облыстың БАҚ өкілдері мен өлкетанушыларының облыс көлемінде ең бірінші болып Мақтаарал ауданына келуіне атсалысқан Дулат Әбіш мырзаға аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді.

2020 жылы су тасқыны кезінде төтенше жағдай бойынша құрылған штабты басқарған облыс әкімінің орынбасары, марқұм Қосман Қайыртайұлының су басқан елді мекендерді қайта қалпына келтіруде атқарған еңбегі ерен екенін, оның жақсылығын ұмытпау үшін Мырзакент кентінде жаңадан құрылған мөлтек ауданда бір көшеге аты беріліп, саябаққа ескерткіш-бьюсті орнатылғанын да Б.Төребеков атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Дулат Әбіш экологиялық акция аясында бұған дейін Түркістандағы ежелгі Сауран қалашығында, Қызылорда облысындағы Қорқыт ата басында, Ақтөбе өңіріндегі Есет батыр кесенесінің маңында, Атырау облысындағы Сарайшық кесенесіне және Маңғыстау облысындағы Бекет ата басында зиярат жасап, тазалық жұмыстарына атсалысқандарын айтты. Көштің Мақтаарал ауданына келуіне себеп – марқұм Қосман Қайыртайұлының ерен еңбегін еске алып, оның ескерткіш-бьюстінің маңына тазалық шарасын өткізу екендігін жеткізді.

«Біздің сапарларымыз – еліміздің ынтымақ-бірлігін нығайтып, көп адамдарға ой салып, жігер бермек. Елімізге деген шексіз махаббатымыз бен асқақ рухымыз осы іске жетеледі. Біз қайда жүрсек те киелі жерлерімізге, тау-ормандарымызға, даламызға, бұлақ-суларымызға, ең бастысы тұрып жатқан жерімізге, қоршаған ортамызға үлкен жанашырлықпен қарап, асқан патриоттықпен оны таза ұстауымыз керек» – деді, Д.Әбіш.

Тазалық іс-шарасы барысында тал-дарақтардың бұталары оталып, арам шөптері шабылды. Саябақтағы орындықтар мен қоқыс салғыштарға бояу жағылып, қоқыстан тазартылды. Тазалық шарасына қатысушылар марқұм Қ.Айтмұхаметовты еске алып, оған құран бағыштады. Қайраткердің жақсы істері туралы көптеген естеліктер айтылды. Сонымен қатар, көпшілікке арналып арнайы ас берілді.

Айта кетейік, саналы ғұмырын еліміздің көркеюіне, елордамыз Астана қаласының қалыптасуына және Түркістан облысының жандануына арнаған аптал азамат, Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Айтмұхаметов Қосман Қайыртайұлы 57 жасқа қараған шағында Мақтаарал ауданында орын алған су тасқынының салдарымен күресіп жатқан кезде дүниеден өткен болатын.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ