Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын Мақтаарал ауданында белсенді орындау мақсатында ауданға қарасты 2 кент пен 9 ауылдық округте сенбілік жұмыстарын тұрақты жүргізу бойынша арнайы жоспар бекітілген болатын.
Жоспар бойынша 3-шілде күні Атакент кентінде жаппай сенбілік іс-шарасы өтетін болады. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтың төрағалығымен Атакент кентінің белсенді азаматтарымен, мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесі, әжелер алқасы мүшелерінің, кәсіпкерлердің және ерікті жастардың қатысуымен арнайы жиын өтті.
Жиында аудан әкімінің орынбасары акцияның маңыздылығын түсіндіріп, аудан бойынша саны жағынан ең көп халық орналасқан кентте сенбілік жұмыстарын ауқымды етіп өткізу керектігі туралы ұсыныс айтты. Халықты экологиялық мәдениетке үйретіп, тұрып жатқан жерді ластамауға шақыру керектігін жеткізді.
«Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, Атакент кентінің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі, әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас кент пен ауданымыздың, облысымыз бен республикамыздың айнасы екенін ұмытпаңыздар. Үлкен жол алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық акциясы аясында Атакенттің халқын туған жерді түлетуге атсалысады деп сенім білдіремін!» – деді, Бейсенбай Тасболатұлы.
Жиын барысында кенттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қилыбай Ирсаев, әжелер алқасының төрайымы Өктем Батырханова және кенттің биі Айыпберген Балтабаевтар сөз сөйлеп, сенбілік жұмыстарына тұрғындарды жаппай тарту үшін үгіт-насихаттың түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндерін жеткізді.