Skip to content

Мақтааралда «Алтын күз — 2026» мерекесі өтті

217

Мақтаарал ауданында күзгі жиын-терім науқанының қорытындысына арналған дәстүрлі «Алтын күз – 2026» мерекелік іс-шарасы өтті.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің еңбегін ұлықтаған мерекелік жиынға шаруалар, сала ардагерлері, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты.

Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдері мен техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров бастаған топ көрмені аралап, шаруалардың биылғы маусымда қол жеткізген жетістіктерімен кеңінен танысты.

Биыл ауданда 61 мың гектарға жуық егістік алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Күзгі жиын-терім науқанының нәтижесінде 101,1 мың тонна мақта, 370,8 мың тонна бақша өнімі, 26 мың тонна көкөніс, 51,7 мың тонна мал азықтық дақылдар және 15,4 мың тонна дәнді бұршақ дақылдары жиналды.

Мерекелік жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров жиналған қауымды күзгі жиын-терім науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, мол өнімге қол жеткізуге үлес қосқан барша еңбек адамдарына алғысын білдірді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен үздік нәтиже көрсеткен ауылдық округтерді арнайы марапаттады. Бұдан бөлек, үздік шаруаларға, аграрлық саланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен мекемелерге, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды.

Өз сөзінде Нұрбол Жақсылықұлы ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталып, өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін кеңінен қолдану және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дайын өнім шығару аудан экономикасын дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің театрландырылған қойылымдары мен концерттік бағдарламасы қалың көрерменнің қошеметіне ие болды.

Айта кетейік, биыл ауданның ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай өсім қалыптасты. 2026 жылдың 9 айында 66,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 14,5 пайызды құрады. Оның ішінде егін шаруашылығында 54,1 миллиард теңгенің, мал шаруашылығында 12,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 102,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑