Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округі аумағында абаттандыру талаптарының сақталуы тексерілді

Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округі аумағында абаттандыру талаптарының сақталуы тексерілді

64

Мақтаарал ауданында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау, аумақтарды абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау, ретсіз сауда орындарының алдын алу және тұрғындар мен кәсіпкерлерге қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру бағытында рейдтік іс-шара өткізілді.

Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округінің аумағында ұйымдастырылған рейдтік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы Анарбеков жетекшілік етті. Рейд жұмысына кент әкімшілігінің, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, газ қызметінің, полицияның, газ техникалық қызметінің және аудандық тұрғын үй қатынастары бөлімінің жауапты мамандары қатысты.

Рейд барысында Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округіндегі бірқатар көшелердің санитарлық жағдайы зерделенді. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің, кәсіпкерлік нысандардың және қоғамдық орындардың айналасындағы тазалық, абаттандыру жұмыстарының жүргізілуі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы назарға алынды. Бұдан бөлек, орталық базар маңындағы аумақтың тазалығы мен тәртібі тексеріліп, ретсіз сауда орындарының пайда болуына жол бермеу мәселесі қаралды. Кәсіпкерлерге сауда орындарын белгіленбеген жерлерде орналастырмау, нысандарға іргелес аумақты таза ұстау және қолданыстағы талаптарды сақтау қажеттігі түсіндірілді.

Рейд барысында жауапты мамандар тұрғындар мен кәсіпкерлерге абаттандыру саласындағы заң талаптарын кеңінен түсіндірді. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты азаматтардың міндеттері мен әкімшілік жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Жаңа талаптарға сәйкес, әрбір тұрғын мен кәсіпкер өз нысанына іргелес жатқан 5 метр аумақтың тазалығына жауапты. Бұл – аумақты үнемі таза ұстау, қар мен мұзды уақытылы тазалау, арамшөптерді ору, жасыл желектерді күтіп-баптау және құрылыс қалдықтарын белгіленген арнайы орындарға шығару деген сөз. Сонымен қатар, қоршаудың сыртына құрылыс материалдарын, көмірді және басқа да заттарды ретсіз жинауға, заңсыз шлагбаумдар мен бөгеттер орнатуға, көгалдар мен балалар ойын алаңдарына көлік қоюға жол берілмейді. Мұндай талаптар ең алдымен елді мекендердің көркін сақтау, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында енгізіліп отыр» – деді, Бижан Шералыұлы.

Іс-шара қорытындысы бойынша Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округінің аумағында абаттандыру талаптарын сақтау бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлер мен тұрғындарға ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 9 ескерту берілді және 1 айыппұл салынды.

Айта кетейік, аудан әкімдігі тарапынан мұндай рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.