Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда сайлауда ақ жаулықты әжелер белсенділік танытты

Мақтааралда сайлауда ақ жаулықты әжелер белсенділік танытты

177

Мақтаарал ауданы, 23 тамыз 2026 жыл. Бүгін Мақтаарал ауданында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары белсенділікпен өтіп жатыр. Таңғы сағаттардан бастап дауыс беру учаскелеріне келген тұрғындар өздерінің азаматтық таңдауын жасап, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуда.

Сайлау учаскелерінде әсіресе ардагерлердің, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелердің белсенділігі ерекше байқалады. Өмірлік тәжірибесі мол аға буын өкілдері сайлаудың алғашқы сағаттарынан-ақ учаскелерге арнайы келіп, өз таңдауын жасау арқылы кейінгі буынға азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетуде.

Солардың қатарында №409 сайлау учаскесіне арнайы келген бір топ ақ жаулықты әжелер мен аналар да бар. Бір-біріне ізгі тілектерін айтып, көтеріңкі көңіл күймен келген ақ жаулықты жандар сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Олардың айтуынша, елдің ертеңі мен ұрпақтың болашағына бейжай қарауға болмайды. Сондықтан, сайлауға қатысып, өз азаматтық ұстанымын білдіруді маңызды міндет деп санайды.

«Біз – елдің талай кезеңін көрген ұрпақпыз. Бүгінгі бейбіт өмір мен ұрпақтың жарқын болашағы біз үшін өте қымбат. Сондықтан, еліміздің ертеңіне қатысты маңызды мәселелерге әр азамат өз таңдауымен үлес қосуы керек. Біз де ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық таңдауымызды жасау үшін арнайы келдік», – дейді ақ жаулықты әжелер.

№409 сайлау учаскесіне келген аналардың белсенділігі өзге сайлаушыларға да көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ақ жаулықты әжелердің бірлігі мен ел болашағына деген жанашырлығы сайлау күнінің мәнін айқындай түскендей.

Айта кетейік, мақтааралдықтардың сайлауға белсенді қатысуы аудан тұрғындарының ел тағдырына деген жауапкершілігін аңғартады. Жас буын өкілдерімен қатар, аға буынның да дауыс беру учаскелеріне арнайы келуі – азаматтық белсенділіктің ортақ екенін көрсетеді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.