Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында мобильді топ құрылып, қоғамдық орындарда тазалық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы рейдтік және профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Осы бағыттағы іс-шаралар аясында 2026 жылғы 17–23 шілде аралығында мобильді топтың қатысуымен аудан аумағындағы саябақтарда, скверлерде, өзен-көл жағалауларында, демалыс орындарында, базар аумақтарында және халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Рейд барысында азаматтардың қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны ластауға жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау талаптарының орындалуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары мен қоғамдық орындарда өзін ұстау мәдениеті жөнінде ақпараттық-насихат шаралары өткізілді.
Аралау нәтижесінде тазалық қағидаларын бұзудың жалпы 23 фактісі анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы бойынша қоғамдық орында тәртіп бұзған 1 тұлғаға қатысты 1 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, Кодекстің 505-бабы бойынша 22 құқық бұзушыға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, оның ішінде 14 азаматқа ескерту беріліп, 8 тұлғаға айыппұл салынды. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы 367 625 теңге құрайтын әкімшілік айыппұл тіркелді.
Мобильді топтың негізгі мақсаты – құқық бұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тартумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және заң талаптарын құрметтеу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту болып табылады.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібі өңірдің көркі мен тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан, әрбір тұрғынды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, белгіленген тазалық талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырамыз.
Мақтаарал ауданында осы бағыттағы рейдтік, профилактикалық және түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.









