Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мырзакентте кәсіпкерлік нысандарға рейд жасалды

Мырзакентте кәсіпкерлік нысандарға рейд жасалды

189

Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік нысандардың аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру жұмыстарын күшейту бағытындағы іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.

Аудан аумағында санитариялық талаптардың сақталуын түсіндіру, нұсқама беру және зерделеу мақсатында аудан әкімі Бақыт Асановтың өкімімен құрылған арнайы жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, санитариялық талаптарды сақтау, қоршаған ортаны таза ұстау, көріктендіру және абаттандыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын өткізуде.

Кезекті рейдтік іс-шара аудан орталығы Мырзакент кентінде өтіп, оған кент әкімі, аудандық полиция бөлімі, төтенше жағдайлар саласының және өзге де жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Жұмысшы топ кент аумағындағы сауда орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсету орталықтары мен басқа да кәсіпкерлік субъектілерін аралап, кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажеттігін түсіндірді. Сонымен қатар, нысандардың қасбеттерін ретке келтіру, сыртқы келбетін жаңарту, іргелес аумақтарды тұрақты түрде тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, заңсыз жарнамалар мен артық заттарды жою, қоршаулар мен кіреберістерді талапқа сай ұстау жөнінде нақты ұсынымдар берілді.

Рейд барысында жұмысшы топ мүшелері тазалық пен тәртіпті сақтау – әрбір тұрғын мен кәсіпкердің ортақ міндеті екенін атап өтті. Кенттің көркі мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруда кәсіпкерлердің жауапкершілігі ерекше екені айтылып, барлық кәсіп иелері ауданның тазалығы мен эстетикалық келбетіне үлес қосуға шақырылды.

Кәсіпкерлерге санитариялық талаптарды сақтамаудың жауапкершілігі түсіндіріліп, заңнама талаптарын орындаудың маңыздылығы ескертілді. Жұмысшы топ өкілдері анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою бойынша ұсынымдар мен ескертулер беріп, оларды орындау тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай түсіндіру және зерделеу жұмыстары ауданның барлық елді мекендерінде кезең-кезеңімен жалғасатын болады. Негізгі мақсат – санитариялық тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, елді мекендердің көркін арттыру және тұрғындар үшін таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.