Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды

Мақтааралда «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды

110

Мақтаарал ауданында елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудан аумағында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат еткен іс-шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен 800-ден астам тұрғын белсене қатысты. Сонымен қатар, жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында 14 арнайы техника жұмылдырылды.

Сенбілік барысында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы жалпы ұзындығы 13 шақырым аумақ қоқыстан тазартылып, нәтижесінде 18 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылды.

Тазалық жұмыстары барысында қатысушылар жол жиектері мен қоғамдық орындарды арамшөптерден тазартып, қураған ағаштардың бұтақтарын кесіп, көгалдандыру мақсатында бұрын егілген көшеттерді суғарды. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жол бойындағы аялдамалар әктеліп, ескірген бордюрлер алынып тасталып, айнала абаттандырылды. Бұл жұмыстар елді мекендердің көркін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталды.

Жалпы аудан көлемінде өткен сенбілік тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен қоршаған ортаға жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындады. Экологиялық акцияға қатысушылар тазалықты сақтау – бір күндік жұмыс емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Айта кетерлігі, сенбілік барысында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылының тұрғындары ерекше белсенділік танытты. Ауыл биі Тұрлыбек Сәрсеновтың бастамасымен ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары жаппай атсалысып, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Олар ауыл көшелері мен жол бойларын, арық-атыздарды арамшөптерден тазартып, қоғамдық орындарды ретке келтіріп, ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.

Мақтаарал ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Аталған шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және елді мекендердің тазалығы мен көркін сақтау.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.