Skip to content
Басты бет / СЭС / Магазиндерде сатылатын дайын тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және кәсіпкерлердің санитариялық талаптарды сақталмауының салдары

Магазиндерде сатылатын дайын тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және кәсіпкерлердің санитариялық талаптарды сақталмауының салдары

9

Қазіргі таңда дүкендер мен шағын сауда объектілерінде пирожки, самса, беляш, чебурек, бургер, хот-дог, сэндвич, пицца тілімдері,суши және ролл, тәтті тоқаштар, пирожныйлар және басқа да дайын тағам өнімдері кеңінен сатылуда.

Мұндай өнімдер халық арасында сұранысқа ие болғанымен, олардың қауіпсіздігі ең алдымен кәсіпкердің санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауына байланысты. Өнімдер шаң-тозаңнан, жәндіктерден және басқа да сыртқы әсерлерден қорғалатын жабық сөрелерде сақталуы қажет. Алайда көптеген дүкендерде тағамдар ашық күйде сөрелерге қойылып, күні бойы сатылымда тұрады.Сауда орындарында дайын тағам түрлерінің қатарына суши және ролл өнімдері де кеңінен енгізілуде. Бұл өнімдер құрамында шикі немесе жартылай өңделген балық, теңіз өнімдері, кремді соустар және көкөністер болуына байланысты жоғары қауіпті тағамдар тобына жатады. Суши өнімдері санитариялық талаптарға өте сезімтал, әсіресе сақтау температурасы сақталмаған жағдайда микробиологиялық бұзылу өте тез жүреді.

Тағы бір мәселе – өнімдерді үй жағдайында дайындайтын тұлғалардан сатып алып, дүкендер арқылы өткізу. Үй жағдайында дайындалған өнімдердің қандай жағдайда әзірленгені, қандай шикізат қолданылғаны, шикізаттың қауіпсіздігі мен жарамдылығы, тағам дайындаған адамның денсаулық жағдайы және санитариялық талаптардың сақталуы белгісіз болып қалады. Мұндай өнімдер өндірістік бақылаудан өтпейді, зертханалық тексерулер жүргізілмейді және қауіпсіздігіне ешқандай кепілдік берілмейді. Кейбір жағдайларда өнімдерді дайындау кезінде сапасы күмәнді шикізат немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен ингредиенттер қолданылуы мүмкін. Температуралық режимнің бұзылуы бактериялардың қарқынды көбеюіне әкеледі, ал бұл тағамдық токсикоинфекциялардың туындау қаупін бірнеше есе арттырады.

Дүкендерде өндірістік бақылаудың ұйымдастырылмауы, өнімнің шығу тегін растайтын құжаттардың болмауы, сатып алынған шикізатқа ілеспе құжаттардың ұсынылмауы да кездеседі. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз тағамдарды өткізу тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді және қолданыстағы санитариялық заңнама талаптарына қайшы келеді.

Сондықтан дайын тағам өнімдерін сатумен айналысатын әрбір кәсіпкер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Өнімдер жабық витриналарда сақталуы, жарамдылық мерзімі мен сақтау температурасы бақылауда болуы, сатылатын тағамдардың қауіпсіздігі расталуы және өнімдердің заңды әрі қауіпсіз көздерден сатып алынуы қажет. Тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі кәсіпкердің басты жауапкершілігі екенін әрбір бизнес субъектісі түсінуі тиіс.

Көп жағдайда тұтынушылар дайын тағам өнімдерін сатып алу кезінде оның қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмейді. Күнделікті қарбалас тіршілікте адамдар жеңіл тіскебасарларды таңдайды. Алайда тағамды сатып алар алдында оның қандай жағдайда сақталып тұрғанына, қаптамасының бүтіндігіне, жарамдылық мерзіміне, дайындалған уақытына және санитариялық жағдайына назар аудармайды. Мұндай немқұрайлы көзқарас денсаулыққа елеулі зиян келтіреді. Әсіресе жаз мезгілінде немесе ауа температурасы жоғары кезеңдерде ашық күйде сатылатын самса, пирожки, хот-дог, бургер, сэндвич, кремді кондитерлік өнімдер мен салмасы бар тағамдарды тұтыну кезінде сақтық таныту қажет. Мұндай өнімдердің құрамында ауру қоздырғыш микроорганизмдер көбейіп, тағамдық токсикоинфекциялардың пайда болуына себеп болады.

Әрбір азамат өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тағам өнімін таңдағанда оның қауіпсіздігіне, сақтау жағдайына және сапасына назар аударуы қажет. Егер өнім ашық күйде сатылып тұрса, сақтау температурасы сақталмаса немесе өнімнің қашан дайындалғаны туралы ақпарат болмаса, мұндай тағамды сатып алудан бас тартқан жөн. Халық денсаулығын сақтау тек бақылаушы органдар мен кәсіпкерлердің ғана емес, әрбір тұтынушының да жауапкершілігі болып табылады. Саналы таңдау жасау арқылы азаматтар өздерін және отбасы мүшелерін тағамнан улану мен жұқпалы ішек ауруларынан қорғай алады.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.