Skip to content
Басты бет / СЭС / Кәсіби аурулардың алдын алу

Кәсіби аурулардың алдын алу

23

Кәсіптік ауру – жұмыскердің өз қызметтік міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған жіті немесе созылмалы ауру.

Кәсіптік аурулар жіті және созылмалы түрлерге бөлінеді. Жіті кәсіптік ауру – зиянды кәсіптік факторлардың бір рет (бір ауысымнан аспайтын уақыт ішінде) әсерінен кейін пайда болған ауру;.

Созылмалы кәсіптік ауру – зиянды өндірістік факторлардың көп рет және ұзақ уақыт әсер етуінен кейін пайда болған ауру.

Кәсіптік аурулар кәсіпорындардағы санитариялық-гигиеналық ережелердің дұрыс орындалмауынан, шу, діріл әсерінен, еңбек және демалыс тәртібінің бұзылуынан, жұмысшылардың техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан пайда болады. Мысалы, шаң-тозаңы көп жерде жұмыс істеген адамның өкпесі пневмокониозға (өкпені шаң басу), ал радиоактивті препараттармен жұмыс істейтіндер сәуле ауруына шалдығады.

Жұмыс түріне қарай жұмыс күні мерзімін қысқарту, жыл сайын қосымша демалыс беру, жұмыс кезінде үзіліс жасау (15-20 мин), техникалық шараларды іске асыру – кәсіби аурулардың санын азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіби ауруларды азайту үшін жұмысшылар уақтылы медициналық тексеруден өтуі қажет. Міндетті медициналық қарап-тексерулерді жүргізу тәртібі және мерзімділігі ҚР ДСМ-нің «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен айқындалған.

Мерзімдік тексеріп-қарауларды өткізу кезеңділігі:

1) жыл сайынғы мерзімдік қарап-тексеру – жылына 1 рет;

2) ауысым алдындағы медициналық куәландыру – жұмыс ауысымы басталардан 1 сағат ішінде;

3) рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап-тексеру – рейс басталардан 30 минут ішінде және рейс аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде.

Зиянды өндірістік факторлармен жұмыс істейтіндерге мерзімдік қарап-тексеру жүргізу кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган ведомствосының аумақтық (оның ішінде көліктегі) бөлімшелері:

1) медициналық қарап-тексерудің толық қамтылуын, сапасын және уақтылы өткізілуін бақылауды жүзеге асырады;

2) жұмыскерлерді медициналық қарап-тексеру нәтижелерін қорытуға қатысады;

3) мыналардың: жұмыскер жұмыс істейтін ұйымға (кәсіпорынға) қызмет көрсететін медициналық ұйымның; жұмыскердің тіркелген орны бойынша медициналық ұйымның; кәсіптік патология бойынша мамандандырылған көмек көрсететін медициналық ұйымның; жұмыскерге жұмыс берген жеке және заңды тұлғалардың сұрау салуы бойынша еңбек жағдайларының санитариялық-эпидемиологиялық сипаттамасын ұсынады

Медициналық қарап-тексеру жүргізу нәтижесімен әрбір жұмысшының денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа ауыстыру, стационарлық және санаторийлік-курорттық емдеу, емдеу-профилактикалық тамақтану, динамикалық бақылау тағайындалады.

Кәсіптік аурулардың алдын алуда жеке қорғаныш құралдарын пайдалану маңызды орын алады. Жеке қорғаныш құралдарына мыналар жатады: арнайы киім, аяқ киім, көзілдірік, құлаққап, қорғаныс қолғаптары, респираторлар және газ маскалары. Кәсіптік аурулардың алдын алуда қажетті сауықтыру және емдеу шараларын жүргізе отырып, міндетті алдын-ала және мерзімді медициналық тексерулердің маңызы зор.

Түркістан облысында соңғы үш жылда кәсіби аурулар тіркелген жоқ.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаментінің басшы орынбасары А.Еркінбекова

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.