Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Мақтаарал ауданында кезекті жалпыхалықтық сенбілік жұмыстары өткізілді.
Ауқымды шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер, қоғамдық белсенділер және аудан тұрғындары белсенді қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты.
Сенбілік жұмыстары аудан аумағындағы негізгі көлік бағыттарының бірі саналатын А-15 республикалық автомобиль жолының бойында жүргізілді. Атап айтқанда, Азаттық ауылдық округінен Атакент кентіне дейінгі, Атакент кентінен Мырзакент кентіне дейінгі және Атакенттен Жетісай ауданы бағытына дейінгі жол учаскелері толықтай қамтылды.
Экологиялық акцияға жалпы саны 1700 адам қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізуге 11 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 40 шақырымнан астам жол бойы қоқыстардан тазартылып, шамамен 10 тонна тұрмыстық және бейберекет тасталған қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, ауданның көркеюіне бағытталған қосымша жұмыстар да атқарылды.
Жол бойында және елді мекендерде бұрын егілген ағаштар суғарылып, олардың түптері әктелді. Сондай-ақ, электр бағаналарының түптері де әктеліп, санитарлық-эстетикалық талаптарға сай ретке келтірілді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізілген мұндай шаралар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.
Мақтаарал ауданында тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, ауданның санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле бермек.






























