Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда әкімшілік құқық бұзушылық істердің орындалуы және сотқа дейінгі татуласу рәсімдерінің мәселелері қаралды

Мақтааралда әкімшілік құқық бұзушылық істердің орындалуы және сотқа дейінгі татуласу рәсімдерінің мәселелері қаралды

54

Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің орындалу тиімділігін арттыру және сотқа дейінгі дауларды реттеу тетіктерін дамыту мәселелеріне арналған маңызды жұмыс отырысы өтті.

Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов жүргізіп, модераторлық етті. Басқосуға аудан прокуратурасының, сот және құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері, аудандық заң бөлімінің мамандары және адвокаттар қатысты.

Отырыстың негізгі мақсаты – аудан көлемінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың орындалу барысын талдау, сот қаулыларының орындалу деңгейін арттыру және азаматтар арасындағы дауларды сотқа жеткізбей шешудің тиімді жолдарын кеңінен қолдану мәселелерін қарастыру болды.

Күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған әкімшілік істердің орындалу жағдайы қарастырылды. Бұл бап ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға байланысты құқық бұзушылықтарды реттейді. Қатысушылар соттармен қабылданған қаулылардың орындалу барысын талдап, орындалмай тұрған істердің себептері мен оларды шешу тетіктерін талқылады. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған заңдық маңызы бар фактілерді анықтау мәселелері көтерілді. Әсіресе, қайтыс болу фактісін белгілеу рәсімдерінің құқықтық тәртібі мен оны жетілдіру жолдары сөз болды.

Жиында сотқа дейінгі татуласу институттарын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар дауларды сотқа жеткізбей шешудің заманауи әрі тиімді құралдары ретінде татуласу, медиация және партисипативтік рәсімдерді кеңінен қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтар арасындағы құқықтық дауларды бейбіт жолмен шешуге, сот жүктемесін азайтуға және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға ықпал ететіні айтылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндама жасаған Мақтаарал аудандық сотының судьясы Ердос Сламбеков сот қаулыларының уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталып, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы тәжірибелермен бөлісті. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, құқық қолдану тәжірибесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Талқылау барысында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, заң талаптарының орындалуына бақылауды жетілдіру және тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңейту қажеттілігі атап өтілді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі татуласу рәсімдерінің артықшылықтарын тұрғындар арасында насихаттау бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Отырыс қорытындысында аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов барлық қатысушыларға белсенді қатысқандары және сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді. Ол құқықтық тәртіпті нығайту, заңдылықты сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.