Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті

Мақтааралда балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті

90

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Мақтаарал ауданында «Балалар – біздің болашағымыз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Балалардың жарқын болашағы мен бақытты балалық шағын дәріптеуге арналған мерекелік жиынға аудан тұрғындары, ата-аналар, ұстаздар, ардагерлер және бүлдіршіндер қатысты.

Орталық саябақтың амфитеатрында өткен мерекелік шара Абылайхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектептің «Ай-Ару» би ансамблінің орындауындағы «Көктем» биімен ашылды. Көрермендер назарына мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылып, ән мен биден шашу шашылды.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков сөз сөйлеп, ауданның жас тұрғындарын мерекемен құттықтады. Өз сөзінде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға тоқталып, өскелең ұрпаққа жарқын болашақ тіледі. Сонымен қатар, құттықтау сөздер аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Бибинур Пулатоваға, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаровқа және Әжелер кеңесінің төрайымы Шахзада Құрбанбаеваларға берілді. Олар балалардың ел болашағындағы орны ерекше екенін атап өтіп, бүлдіршіндерге ақжарма тілектерін жеткізді.

Мерекелік концертте аудан мектептерінің дарынды оқушылары өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Атап айтқанда, №50 «Үлгілі» жалпы білім беретін мектебінің оқушылары Көркем және Сырғалым Сәрсенбаевалар «Менің әжем дара» әнін орындаса, №10 «Асыл мұра» мектебінің «Алаш жігіттері» би тобы «Джентльмен» биін көпшілік назарына ұсынды. Сондай-ақ, №35 «Болашақ» мектебінің «Балдаурен» би тобы үнді халқының ұлттық биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік бағдарлама аясында №53 мектептің «ART» би тобы заманауи биін орындап, №10 «Асыл мұра» мектебінің оқушылары өзбек биін тарту етті. Ал, №31 «Береке» жалпы білім беретін мектебінің оқушысы Айнұр Жорабай «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әнін шырқап, патриоттық көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара аясында балалар арасында «Бақытты балалық шақ» тақырыбында сурет салу байқауы ұйымдастырылды. Байқауға қатысқан бүлдіршіндер өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытып, жарқын болашақ, бейбіт өмір мен бақытты балалық шақты бейнелеген туындыларын ұсынды.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жүлделі орын иегерлері алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға белсенділіктері үшін ризашылық білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.