Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтаарал аудандық мәслихатының 41-ші сессиясында маңызды мәселелер қаралды

Мақтаарал аудандық мәслихатының 41-ші сессиясында маңызды мәселелер қаралды

122

Бүгін аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында Мақтаарал аудандық мәслихатының кезекті қырық бірінші сессиясы өтті.

Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары Б.Анарбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Қ.Сәрсекбаев, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері және тиісті мекеме өкілдері қатысты.

Сессияның күн тәртібіне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет саясатына, сайлау комиссияларының құрамына және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты 7 маңызды мәселе енгізілді.

Сессия барысында алдымен 2025 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы туралы жылдық есеп қаралып, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ш.Абенов баяндама жасады.

Мәліметтерге сәйкес, 2025 жылы аудан бюджетінің кірістері 18 миллиард 835 миллион теңгені құрап, жоспарлы көрсеткіштердің орындалғаны айтылды. Оның ішінде салықтық түсімдер 3,4 миллиард теңгеден асса, трансферттер көлемі 15,3 миллиард теңгені құрады. Ал аудан бюджетінің шығыстары 19,1 миллиард теңгеге жеткен. Сондай-ақ, бюджеттік кредиттеу, қарыздарды өтеу және бюджет қалдықтарына қатысты көрсеткіштер де депутаттардың қарауына ұсынылды.

Депутаттар бюджет қаражатын тиімді пайдалану, қаржылық тәртіпті күшейту, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Сессия қорытындысымен аудан әкіміне және жауапты мекемелерге салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, бюджет кірістерін арттыру, дебиторлық және кредиторлық берешектерді азайту, мемлекеттік сатып алуларды уақытылы өткізу және бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Сессияда 2025 жылғы кенттер мен ауылдық округтер бюджеттерінің орындалуы туралы жылдық есеп те бекітілді. Кенттер мен ауылдық округтердің жалпы кірісі 1 миллиард 396 миллион теңгені құрағаны белгілі болды. Оның ішінде салықтық түсімдер 917 миллион теңгеден асқан. Мәслихат депутаттары ауылдық округтер бюджеттерін жоспарлау сапасын арттыру, жергілікті кірістер көлемін көбейту және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту бойынша ұсыныстарын білдірді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамына өзгерістер енгізу болды. Сессия шешімімен бірқатар азаматтар округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелігіне сайланды. Өзгерістер Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырылды.

Сессия барысында Еңбекші ауылдық округінің әкімі Б.Агенов, Иіржар ауылдық округінің әкімі Ә.Биболов және Мырзакент кентінің әкімі М.Бейсенбаев өздеріне жүктелген қызметтері мен міндеттерінің орындалуы жөнінде есеп берді.

Депутаттар аталған округтер мен кентте атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру, инфрақұрылымды дамыту, жол жөндеу, ауыз сумен қамту, электр желілерін жаңарту, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және салық түсімдерін арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс орындарының алдын алу, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдениет пен спорт салаларын дамыту, қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара байланысты нығайту бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сессия қорытындысы бойынша күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олардың орындалуын бақылау аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларына жүктелді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.