Skip to content
Басты бет / Басты жаңалық / Аудан әкімі жастармен еркін форматта кездесу өткізді

Аудан әкімі жастармен еркін форматта кездесу өткізді

280

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан жастарының қатысуымен орталық саябақта тағылымды кездесу өткізді.

«Жастар – ел болашағы» тақырыбында ұйымдастырылған еркін форматтағы жиынға ауданымыздың белсенді әрі үлгілі жастары, мектептердің жоғары сыныптағы үздік оқушылары қатысты.

Кездесу барысында ең алдымен аудан басшысы жастармен бірге саябақ аумағына көшет отырғызды. Бұл игі бастама қоршаған ортаны көгалдандыруға үлес қосып қана қоймай, жастарды табиғатты аялауға, туған жерге жанашырлықпен қарауға үндеді.

Мұнан соң қатысушылар амфитеатр алаңына жиналып, аудан әкімімен ашық әрі еркін сұхбат құрды. Жастар тарапынан түрлі мазмұндағы сұрақтар қойылып, Бақыт Насырханұлы олардың әрқайсына шынайы әрі мазмұнды жауап берді. Әсіресе, мамандық таңдау, көшбасшылық қасиет, еңбекқорлық пен жауапкершілік, мектептегі қызықты сәттер мен өмірлік тәжірибе жайлы сұрақтар жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сонымен қатар, аудан әкімі өз сөзінде жастардың қоғамдағы рөліне тоқталып, елдің болашағы білімді, белсенді әрі отансүйгіш жастардың қолында екенін атап өтті. Ол ауданның дамуы мен өркендеуіне жастардың тың идеялары мен бастамалары маңызды екенін жеткізіп, әр жасқа үлкен сенім артылатынын айтты.

Кездесу барысында қатысушылар ән шырқап, домбыра мен гитарада музыкалық шығармалар орындап, кештің ерекше атмосферада өтуіне ықпал етті. Жастардың шабыттануы үшін аудан әкімінің атынан оларға сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, ашық аспан астында өткен бұл жүздесу жастар мен аудан басшылығы арасындағы байланысты нығайтып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғам өміріне араласуына серпін беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.