Түркістан облысында «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп келеді. 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 5 сала негізінде 80 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы», аудан және қалалық «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңкелерде 6077 бос жұмыс орны ұсынылған. Сондай-ақ 1753 жұмыс беруші мен 4772 тұрғын қатысты.
Нәтижесінде жұмыс іздеп келген азаматтардың 1126-сы тұрақты жұмыспен қамтылып, 638-і Ұлттық жобалар шеңберінде ЭЕБ арқылы уақытша жұмыс орындарына жолданды. Жұмысқа орналасқан жалпы 1764 тұрғын білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және өзге де салаларға байланысты қазіргі таңда еңбек етіп жатыр.
Жәрмеңкелер тек жұмыс іздеушілер үшін ғана емес ақпараттандыру көзіне айналып, жұмыспен қамту заңнамалары бойынша түсіндірмелер берілуде. Өйткені буклеттер, жаднамалар және басқа да ақпараттық материалдар таратылып, мағлұматтар беріледі.
Айта кетейік, 2024 жылдың 18 қазанында Түркістан қаласы бойынша Tanda.enbek.kz порталында бос жұмыс орындары онлайн-жәрмеңкесін өткізу жоспарлануда. Алдын ала хабарландыру жарияланады. Былтыр бұл шарада 75 бос жұмыс орны ұсынылған.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы